Қатты желдің салдарынан Тоғыс ауылы, Айнатас елдімекенінде электр сымы үзіліп, 21 жастағы қыздың өмірі қиылды. Тозығы жетіп, талай рет жалғанған жарық желісі бұл жолы осылайша ауылды абдыратып тастады. Жарық берушілер болса жауаптан жалтарып, оқиғаны табиғаттың тосын мінезі деп танып отыр.
Көз алдында Айдананың мерт болғанын мына 9 жасар бала ұмыта алар емес. 21 жастағы қыз балалардың ойынына кедергі болмасын деп аяққа оралған сымды жиекке алып тастамақ болыпты. Бірақ жоғары кернеулі жарық сымы қызды қыршыннан қиды.
Тоқтың сымы таңертең үзілгенін көрген ауылдықтар кезекші бөлімге бір емес, бірнеше рет хабар берген. Жарық Айнатастықтардың басты мәселесі. Үп еткен желге үзіле беретін жарық сымы қырық жамауға айналған. Ауылдықтардың мәселенің жырын жырлап, арызданып бармаған жері қалмапты. Ол аздай ауылда электрикте жоқ екен.
Өмірзақ Зиятов, Айнатас ауылының тұрғыны: «Күнде қиылады. Мына балаларды далаға жіберуге қорқасың. Ауылда бір электрші жоқ. Кеше қаршадай қыз тоқ ұрып өліп жатқанда трансформаторды өшіре алмай жүгірдік».
Қара жамылған отбасы қайғысын бізбен бөлісуді жөн көрмеді. Онысын түсіндікте. Алайда ауылдықтардың бойын үрей бойлаған. Оған қоса жарық берушілер электр тоғын жөндеуге асығар емес екен.
Махамбетқали Машаев, жетекші инженер: «Айнатас ауыл болғалы жарық жүйесі біздің балансқа өтті. Енді 2013 жылдан бастап, этаппен жқндейміз деп отырмыз».
Жаратқаннан жел болмаса екен деп тілеуден басқа Айнастықтардың амалы қаламды. Өйткені үзілген сымға үреймен қарайтындардың өміріне алаңдап отырған атқа мінерлерді байқамадық. Қыз өмірінің қыршыннан қиылғаны да сабақ болмаған сыңайлы.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Y4faVErX37I[/youtube]