Мақта саласын дамыту туралы заңға өзгертулер енгізу керек. Қолданыстағы заңда бірнеше баб мүлдем жұмыс істемейді. Ал бұл шаруаның түрлі кедергіде шатқаяқтап қалуына себеп. Сондықтан да ортақ мәселені біріге шешу мақсатымен ауылшаруашылық вице министрі Мүслім Өміряев пен Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов саланың білгірлерімен Мақтаралда бас қосты.
Мақтаны бәсекеге қабілетті өнім ретінде сақтау — өзгеріске енуі тиіс заңның да басты мақсаты осы. Ол үшін не істеу ләзім? Шаруаның бірін екі етпей жүрген кедергілерді жою қажет десті диқандар. Оған, мақта бағасының тұрақсыздығынан бастап, уақытылы берілмейтін субсидия, зауыттардың пайдакүнемдігі секілді мәселені қосыңыз. Сондықтан да істі ірілендіруден бастау қажет деп ой түйді мінберде сөз алғандар.
Cерік МАМЫРАИМОВ, «Сырдария» университетінің ректоры: «Мақта саласын дамыту деген тақырыптың өзін кішкене ойлансақ деймін. Мақта саласын дамыту және бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселесін қарауымыз керек. Егер тақырыпқа сыйыспайтын болса, онда ішіне бәсекеге қабілеттігін арттыру туралы баб енгізу керек деп есептеймін. Себебі, қазір бәсекенің заманы болып тұр. Бәсекеге қабілетті өнім өндірмесек, осы мақтаның өзін сақтап қалу қиын болады. Осы ретте мақта саласының тағдырын шешетін мәселе — бұл ірілендіру екенін баса айтқым келеді. Ірілендірмесек, біз жердің құнарын арттыра алмаймыз. Ірілендірмесек, біз жаңа технологияны ендіре алмаймыз. Ірілендірмесек, біз инновацияны ендіре алмаймыз. Ірілендірмесек, еңбек өнімділігін арттыра алмаймыз. Сондықтан ірілендіру мәселесін ең бірінші кезекте шешу керек деп ойлаймын. Егер ірілендірген шаруашылық құрсақ, мақтамен қатар біз бәсекеге қабілетті мал шаруашылығын да өркендете аламыз. Ет пен сүтті де біз қосымша қосуымыз мүмкін.
Жиын-терім біткенде қолындағы ақ алтынын өткізе алмай жүретін шаруалар қанша? Министрліктен келген өкілге ауылдағы ағайын Украина, Ресей, Белорусия сынды шетелдермен келісім жасап берілсе деген базынасын айтуды да ұмыт қалдырған жоқ. Тіпті, мақтаны өткізу жайы да заңда тайға таңба басқандай көрсетілуі тиіс. Сонда ғана мұндағы шаруа тірлігіне еш уайымсыз кірісе алмақ.
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры: «Зауыттарда дайындалып жатқан шитті мақтаны сақтау жайы мақта туралы заңда жазылған. Әр ауданда екі-үш мақта инспекторы бар. Бірақ өкінішке орай, олар толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Заң бойынша олар зауыттарға кіріп, қандай мақта дайындалып жатыр, қалай сақталып жатыр, ол қызып кетті ма, оның кондициясы қандай болып жатыр, тексеруі керек. Ал инспекторларға бұған мүмкіндік жоқ. Өйткені, оны жоспарға кіргізуі керек. Онан соң оны прокуратура органдары арқылы ғана өте қиын жағдайларда жасай алады. Сондықтан осы мәселеге жақсы бір құқық берілсе, заң жүзінде, бақылау жұмыстары дұрыс жүрсе онда да дұрыс болар еді».
Шаруалардың сөзінше, қолданыстағы заңда 4 баб жұмыс істемей тұр. Осылай деген Мақтарал, Шардара, Түркістаннан жиналған кіл диқандар бірауыздан қолданыстағы заңдағы 15-бабты алып тастауды ұсынды. Өйткені, мақта қолхаты бабы мен мақта өңдейтін зауыттардың кәсіпкерлік жұмысына тыйым салатын жәйттер көп істің кері кетуіне себеп. Алайда, мақта қолхаты туралы бабтың жұмыс істемеуін Розақұл Халмұрадов оның дұрыс жазылмағанымен түсіндірмейді. Тек, оны шаруаларға түсінікті тілмен қайта жазу керек деп санайды. Олардың тағы бір талқыға салғаны мемлекеттік зауыт жайлы болды.
Елбасының жолдауы бойынша 2020 жылға дейін елдегі ауылшаруашылық өнімдері 2 есеге, ал 2030-ға дейін 4 есеге өсуі тиіс. Ал біздегі нәтиже, оның ішінде мақта түсімділігі көңіл қуантпайды. Мақта туралы заңға өзгеріс енгізу ісі де осыдан туған ой. Елордалық қонақтар диқандардың ұсыныс пікірлерін Парламент Мәжілісінде қарауға бет алмақ. Қыркүйекке қарай, жаңа заң жобасының да нобайы дайын болмақшы.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=qicLjLUxsEI[/youtube]