Оңтүстіктегі су нысандарын қорғауды дұрыстап қолға алу керек. Өйткені, облыстағы өзен-көлдер өз талабына сәйкес сақталып жатқан жоқ. Бүгін Қызылорда мен Оңтүстіктің «Арал-Сырдария» бассейндік кеңесінің мүшелері осы мәселені талқылады. Айтуларынша, біздегі бірқатар өзендер карьерлер мен жеке құрылыстың алаңына айналып кеткен. Сондықтан саладағы салақтықты заңмен реттеу қажет.
Облыста 120-дан аса өзен бар. Құжаттағы дерек бойынша, оның 80 пайызы тиісті қорғау аймағына енген. Бірақ оның аты бар да заты жоқ. Олай дейтініміз, өзен бойындағы сауықтыру аймақтары жекеленіп кеткен. Тас өндіріп карьерлер жасалса, басқа бөлігіне жекелеген үйлер салынып тасталған. Жалпыға ортақ хауыздар мен демалыс лагерьлері мүлдем жоқтың қасы. Бадам, Ақсу, Сайрамсу өзендері қазір осындай лас өзендердің көшбасында дейді сумұраптары.
Осы сынды 4 мәселені күн тәртібінде қараған «Арал-Сырдария» бассейіндік кеңесінің мүшелері жауапты әр тараптан іздеді. Қызылорда мен Оңтүстіктіктің су мұраптары, жалпы салаға қатысы бар барлық басқарманың басшылары ортаға тиісті ұсыныс-пікірін тастады. Олардың түйгені — жерді әркім иеленіп кетпес үшін олардың шекарасын анықтау, яғни координатын электронды базаға енгізу керек дегенге сайды.
Ортақ басқосуда шаруалардың жыл сайынғы судан тарығу мәселені де шет қалған жоқ. Бастысы, бассейндік кеңес мүшелері мен облыс әкімдігі бұл проблеманы қолдап отыр. Енді саланың хас шеберлерінен түскен ұсыныстар қағазға түсіп, облыс әкіміне хат ретінде жолданбақ. Онан соң, министрлікке шығу арқылы істің бір жағына шығамыз деген үмітте 11-мәжілістің қатысушылары.