Үлгілі полиция қызметкері қандай болуы тиіс? Күнделікті қоғамдағы тәртіпті күзететін полиция қызметкерінің бейнесі қандай? Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта полицейлердің қызметіне ғана емес, түр-тұлғасына да сын жиі айтылып жүр. Бұған тәртіп сақшыларының өзі не дейді?
Жалпы, полиция қызметкері — халықтың қорғаны дейміз. Олай болса, түрлі қылмыскерлермен күресетін сол сақшылардың өздері әлжуаз болмауы керек. Сондықтан ішкі істер саласының мамандары полицияға үміткерлердің арасынан спортшыларды құшақ жая қарсы алады. Әрине, бұл — қатаң талап емес. Дегенмен, егер сіз екі иығына екі адам мінгендей еңгезер бойлы, жауырының қақпақтай болсаңыз, бұған қоса адамдармен тез тіл табыса алатын сыпайылықты сақтасаңыз — полиция қатарына қабылданып, халықтың тыныштығын күзетуге атсалысуға мүмкіндігіңіз мол. Мұны облыстық ішкі істер департаментінің мамандары да растайды.
«Ішкі істер органына үміткерлердің арасында спортшылар болса, олар бірінші қатарда қабылданады. Әрине, бұл — тек қана қара күшті бағалаймыз деген сөз емес. Болашақ тәртіп сақшысы түр-тұлғасы сымбатты, келбеті келісті, адамдармен сөйлесе білетін, өз ісінің шебері болуы тиіс. Адамдармен сөйлесе білуі керек деуіміздің себебі — құқық қорғаушысы қарапайым халықпен күнделікті бетпе-бет келіп, жұмыс істейді. Тұрғындармен сөйлескенде сыпайы әрі қарапайым болса, полиция қызметкерінің жұмысы да жандана түсері сөзсіз.»
Жоғарыда айтылғандай бойшаң әрі спортшы жігіттердің бірі — Медет Анарқұлов. Ол 16 жасынан бері волейбол ойнап келеді. Жол полиция басқармасына инспектор болып қабылданған соң да спорттан қол үзіп қалмаған. Қаншалықты қиын болса да күнделікті жұмыстан уақыт тауып, жаттығуға тырысады. Қазіргі таңда ашаң бойлы арықша жігіт арада ондаған жыл өтсе де толысып кетпеуге тырысамын дейді. Олай деуінің себебі — жуан қарынды полицейлердің қарапайым халық арасында әзіл әңгімеге арқау болғаны қашан.
Ал ішкі істер департаментінің мамандары қазіргі таңда көшеде кезекшілікте жүретін жол полициясы инспекторларының арасынан жуан қарынды тәртіп сақшыларын кездестіру қиын дейді. Оның бір себебі — бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса былтыр басталған аттестация бар. Енді күштік құрылымдар жыл сайын өтіп тұратын бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=WdLww56wX8c[/youtube]