Úı ANONS Шымкентте басқармалар саны артты

Шымкентте басқармалар саны артты

Шымкентте басқармалар саны артты. Енді жастар мәселесі мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған екі жаңа құрылым пайда болмақ. Мұндай шешім мәслихаттың кезектен тыс отырысында қабылданды.

Енді Шымкент жастарының мәселесімен жеке ведомство айналысады. Бұрынғы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма екіге бөлінді. Жаңа орган болашақ иелерін жұмыспен қамтиды, қолдау көрсетеді және түрлі салаға тартады. Ал, ішкі саясат өзінің бұрынғы міндетін атқара бермек. Мәслихат төрағасы жаңа құрылымға үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Бұл басқарма іс-шара өткізетін, акциялар өткізетін, флешмоб өткізетін басқарма болып кетпесін. Ол басқарманың негізгі мақсаты көбірек зерттеу жастарды. Қай салада жастар қамтылмай отыр. Қай салада жұмыс орындары көп, сол салаға жастарды тәрбиелеу керек. Мен ойлаймын, жастарды басқаратын адам жастардың арасында абыройы бар, беделі бар, көрсететіні бар сондай адам болғаны дұрыс деп ойлаймын. Енді ол жерге бата беріп отыратын ақсақалды әкеп қойсаң, ол да дұрыс емес».

Жастар ісімен қатар, қала билігі балалардың құқығын қорғауды да күшейтпек. Бұл үшін арнайы басқарма құрылады. Жаңа құрылым кәмелетке толмағандардың мәселесін қадағалайды. Бұған дейін аталған міндет білім басқармасында болған, енді ол жеке ведомствоға жүктелмек.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Баланың құқығын қорғау басқармасы бөлек болғаны дұрыс. Білім басқармасы ол білім берумен айналысуы керек. Ал, қорғаншылық, баланы асырып алу, басқа біреуге беру немесе балалар үйіне барып, оны қайта отбасына әкелу деген мәселелер бар. Әке шешесі баласына таласатын жағдай болады. Туысқандар таласатын жағдай болады. Соларды терең зерттеп, құқықтық, психологиялық көмек беріп отыратын басқарма болады»

Жаңа басқармалар жақын күндері іске кіріседі. Олардың басшылары конкурс негізінде таңдалады. Осылайша, бұл құрылымдар саладағы проблемаларды шешуге бағытталмақ. Мәслихат төрағасы қаржыландыру бюджеттен қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Лаура Бабас