Шымкентте тапа-тал түсе жол апаты орын алды. Қазыбек би және Түркістан көшелерінің қиылысында № 12 бағыттағы автобус пен № 77 бағыттағы Газель соғысып қалды. Екеуінің ішінде де жолаушылар болған. Соққының салдарынан автобустың 2 жолаушысы мен Газельдің жүргізушісі жарақат алды.
Куәгерлердің айтуынша, екі көлік соғысқан соң автобустың ішінен бір жолаушы қыз, ал Газельдің жүргізушісі есіктен далаға ұшып кеткен. Оларға сол маңда өтіп бара жатқан адамдар көмектесіп, келген жедел жәрдем көлігіне мінгізіп жібереді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=wzmrWSmhh4U[/youtube]
Айта кету керек, дәл осы қиылыстан облыстық ішкі істер департаментіне тиесілі жедел басқару орталығының бейнекамерасы орналасқан. Қай жүргізушінің жол жүрі ережесін бұзғанын сондағы жазба арқылы анықтауға болады. Бірақ, бейнежазба сақталса. Себебі, Газель екпінмен келген күйі камера орнатылған бағананы сындырып кетіп, жазу құралының тас-талқаны шықты.
Қазір оқиға орнында жол полицейлері жұмыс істеп жатыр. Автобустың жүргізушісі мен Газельдің кондукторы оқиғаның қалай болғанын түсіндіруден бас тартты.