Шымкентте газ құбыры тесіліп, өрт шықты (бейнекадрлар)

347
Жұмысшылар құбырдың тесілген тұсын жөндеп жатыр

Шымкенттің жүздеген тұрғыны бір сәтте көгілдір отынсыз қалды. Алма Оразбаева көшесінде газ құбыры жарылып кеткен. Салдарынан оқиға орнына арнайы бригада келгенше айналаға газдың иісі тарап кетеді. Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға құбыр тартқан мердігерлер кінәлі десе, газға жауапты мамандар құбырдың жанында біреулер өрт жаққан деп отыр.

Төтенше жағдай Алма Оразбаева көшесінің бойында орын алды
Төтенше жағдай Алма Оразбаева көшесінің бойында орын алды

Оқиға түнгі сағат он бірлер шамасында болған. Көшедегі таяуда ғана тартылған газ құбырынан өрт шыққан. Салдарынан 300-ден аса тұтынушы көгілдір отынсыз қалады. Олардың айтуынша, өртті сөндіру оңайға соқпапты. Су шашып, басқа да тәсілдерді қолданып жарты сағаттың ішінде әзер дегенде өшірген.

Газ таратуға жауапты мамандар оқиға орнына түнде-ақ жеткен. Алайда ақауды ретке келтіру оңайға соққан жоқ. Ертеңіне күндіз Оразбаева көшесіне қосымша құбыр жөндеушілер мен арнайы техника да жеткізілді. Ал мұндағы халық жарты тәулік бойы ас-суын пісіре алмай қалды. Ашынған жұрт бір ай бұрын ғана берілген көгілдір отынның құбырлары сапасыз тартылған деп отыр.

Гүлзия Керімбаева, жергілікті тұрғын
Гүлзия Керімбаева, жергілікті тұрғын

 

«Бұл құбырдың тартылып, пайдалануға берілгеніне әлі бір ай да өткен жоқ, — деп ашынады Гүлзия Керімбева. — Ал болған оқиғаны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Құбырдың тесілген жерінен бірден өрт шықты. Оны өшіреміз деп, шелекпен су шашып, әуреге түстік. Су дейтін суымыз да жоқ. Күніне екі рет береді. Ал құбырмен келіп жатқан газды өшіру үшін бүкіл көше бойына бір ғана кран орнатыпты. Бұл қалай болғаны сонда?»

Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі басшыларының да  өз уәждері бар. Айтуларынша, құбырдың жанып кетуіне тұрғындар кінәлі. Өйткені көше бойында тұрған шырпының жанында біреу от қоюы мүмкін. Ал жалпы мұндағы құбырлардың тартылуы толық талапқа сай деп отыр.

Жұмысшылар құбырдың тесілген тұсын жөндеп жатыр
Жұмысшылар құбырдың тесілген тұсын жөндеп жатыр

Түс ауа көгілдір отын қайта қосылды. Ал келеңсіз жағдайға кімдердің кінәлі екені алдағы уақытта анықталмақ. Айта кетейік, өңірде құбыр өртену оқиғасы биыл бірінші рет тіркеліп отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ljf925n33hc[/youtube]