Қоғамда жол полициясы қызметкерлеріне қатысты әңгіме көп. Әзілі де бар, зілі де бар әйтеуір жағымсыз пікір қалыптасып қалғаны рас. Сондықтан болар, кейінгі кездері тәртіп сақшылардың абыройын көтеру үшін көптеген іс-шаралар қолға алына бастады. Өткен жылғы аттестациялаудың қайшысы талапқа сай еместерді біршама «тазартқаны» бар. Билік басындағылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Полицейлерге деген халықтың сенімін арттыру мақсатында келелі бастама, акциялар қолға алына бермек. Соның бірі «Жолдағы қабылдау» акциясы. Іс-шараға ҚР ІІМ Жол полициясы басқармасы мен «НұрОтан» ХДП-ның әр өңірдегі филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлімі ұйытқы болыпты. Республикалық іс-шара 19 маусым күні барлық өңірде бір мезетте өтті.
«Жолдағы қабылдаудың» куәсі болуға «Қиял әлемі» техносаябағына қарай аяңдадық. Облыс жол полицейлерінің кіші қызметкерінен бастап басшыларына дейін осында жүр. Бас партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің белсенділері де акцияға бел шеше кіріскен. Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Есімов, партияның қоғамдық қабылдау бөлімінің басшысы Тұрлыбай Сейдуәлиев іс-шараның мән-мағынасын тұрғындарға тәптіштеп түсіндіріп жатты. «Таңғы оннан кешкі алтыға дейін болуымыз тиіс. Биыл төртінші рет өтіп жатыр. Жүргізушілер де акцияның мән-мағынасын біліп қалды. Билік партиясы болғандықтан, халық көбінесе бізден жәрдем сұрап келеді. Ал жол полициясына шағым айтып келушілер аз», – дейді Тұрлыбай Жолдыбайұлы тілшілерге акцияның барысын түсіндіріп.
Көлік жүргізушілерінің сауалнама толтыруы акцияның өзгешелігі дер едік. Ұйымдастырушылардың айтуынша, толтырылған сауалнама бойынша сараптама жасалады. Ой-елегінен өткен қорытынды бас партияның орталық аппаратына және Жол полициясы комитетіне жіберіледі.
Тағабай ҚАСЫМ
Ғалымжан ЕСІМОВ, ОҚО ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары:
– Біздің әріптес-терге қатысты сын аз айтылып жүрген жоқ. Бұл іс-шараның басты мақсаты тәртіп сақшыларының беделін көтеру ғой. Іс-шара барысында Елбасының жолдау-ын түсіндіріп жатырмыз. Күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелер бойынша да жүргізушілерге кеңес беру назарда. Біз халыққа барынша жақын болуға тиіспіз.