Құрылыстың қарқыны қалай?

Биыл «Тұрғын үй жылы» деп жария­ланып отыр

Бүгінде облыста «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Облыстық әкімдіктің бастамасымен 2020 жылға дейін атқарылатын жұмыстардың нақ­ты жоспары бекітілген.

Биыл «Тұрғын үй жылы» деп жария­ланып отыр

Одан өзге тұрғын үйге мұқтаж 14 мыңға жуық отбасының басым бөлігін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында биыл «Тұрғын үй жылы» деп жария­ланып отыр. Айта кетейік, республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылысына 2 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен қосымша 10 млрд теңге қаралды. Қазір облыста құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Биылдың өзінде 80 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алды. Бұдан бөлек өткен жылдары басталған 28 үйдің құрылысы бітуге жақын. Жергілікті басшылық алдағы екі жылдың ішінде облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың жартысына жуығын баспанамен қамтымақшы. Бұл дегеніміз осы аралықта 25-30 мың адам жаңа, жайлы пәтерлерді иемденеді деген сөз. Биылғы жылдың соңына дейін бюджет есебінен 100 мың шаршы метрді құрайтын 45 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Сондай-ақ, жекеменшік есебінен 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек­. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша атқары­латын жұмыстар бағыттарға бөлініп, нақтыланған.

Мәселен, қазір жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды. Пайдалану алаңы 14,5 мың шаршы метрді құрайтын 25 тұр­ғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан болса, олар­дың 24-і биыл аяқталады. Жергілікті басшылық тарапынан бақылау да қатаң. Бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы 44,7 мың шаршы метрді құрайтын 9 үй салынып жатыр. Солардың ішінен жалпы пайдалану алаңы 15 мың шаршы метрді құрайтын 4 үйдің құрылысы биыл аяқталмақ. Ал қалған 5 үй келесі жылы пайдалауға беріледі деп күтілуде. Қазақстан ипотекалық ком­паниясы арқылы биыл 56,1 мың шаршы метрді құрайтын 15 тұрғын үйдің құрылысына қажетті жер мәселесі толық шешілді. Барлық қажетті құжаттарға қол қойылған. Құрылыс осы жаз айларында басталмақшы. Олар алдағы 2014 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасында тұрғын үй ком­бинаттарын салу көзделген бола­тын. Комбинат республикада алғаш рет біздің облыста іске қосылды. Ол бір жылда 150 мың шаршы метр тұр­ғын үй салады. Оларға қазірше тұрғын үй салуға 1,5 гектар жер телімі берілген. 9 қабатты 4 тұр­ғын үйдің құрылысын бастауға облыс­тық бюджет есебінен 400 млн теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданған.

Мақпал РЫСБАЕВА