Өткен аптада облыстық мәслихаттың кезектен тыс 15-ші сессия-сы өтті. Жиын жағымды жаңалықпен басталды. 3 жылдың ішінде облысымыздың республика көлемінде сегізіншіден үшінші орынға көтерілуіне депутаттардың қосқан үлесі орасан екендігін облыс мәслихатының хатшысы атап өтті.
Сессияның күн тәртібіне енгізілген тұрақты комиссия төрағасы мен мүшелері бойынша мәселе кейінге қалдырылды. Өйткені, олардың кандидатуралары бойынша Үкіметтен келісім түспеген. Есесіне, депутаттар 2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекітті. Оның көлемі 333 млрд теңге.
Облыстық бюджетті нақтылау мәселесі тұрақты комиссияларда жіті талқыланғандықтан бірауыздан мақұлданды. Республикалық бюджеттен түскен 1 млрд 976 млн теңге әлеуметтік нысандардың құрылы-сына бағытталды. Ворошиловка елді мекеніндегі мектептің құрылысына 257 млн. теңге, Жиделідегі білім ордасына 319 млн теңге, Шымкент қаласындағы «Наурыз» шағынауданындағы №48 мектепке 287 млн және «Асар» шағынауданындағы балабақшаның құрылысын аяқтауға 167 млн теңге бөлінетін болды. Бюджеттік комиссия мүшелері бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына баса назар аудару қажеттігін атқарушы орган өкілдеріне кезекті рет ескертті.
Сонымен қатар, отырыста елді мекендерді ауызсумен қамту бойынша құрылыс өткен ғасырдың ортасындағы жобалар бойынша жүргізілетіні ашық айтылды. Суға жарымай отырған мақтаралдықтардың жағдайын тексеру үшін комиссия құру жөнінде ұсыныс жасалды. Облыс бюджетінің көлемі 333 млрд-қа жеткенін ескерсек, аталған мәселелер таяуда шешімін табатынына сенім бар. Тек, қазына қаржысы талан-тараж болмай, негізді және мақсатты жұмсалуы шарт деп нақтылады депутаттар.
Шынар Оразова