Шаруаның ісін ширатуда «Агробанктің» көмегі көп. Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің «Агробанк» құру жайлы идеясын облыстық ауылшаруашығы басқармасындағылар құп көреді. Көптен бері көтеріліп жүрген осы мәселе оң шешілсе, өңірдегі бірқатар шаруалардың жұмысы жолға қойылар еді деп санайды.
Үкіметтің кезекті отырыстарының бірінде еліміздің ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков көптен бері қаузалып жүрген «Агробанк» мәселесі туралы пікірін білдірді. Айтуынша, банк туралы заңнамаға өзгеріс енбей, ондай қаржы ұйымын құрыу бос сөз.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауылшаруашылық министрі: «Өйткені, қолданыстағы заңға сәйкес, елімізде «ТұрғынҮйЖинақБанкінен» басқа ешқандай да мамандандырылған банк құрылмауы тиіс. Және жаңадан құрылмақ «Агробанк» барлық активін ауылшаруашылық саласына бағыттауы міндетті емес. Өзге де, шаруашылыққа жақын салаларды қаржыландыра алады. Сондықтан да заңға осы мәселе жөнінде өзгеріс енсе, аграрлық банк құру ісін дұрыс қолға алар едік».
Оңтүстіктің шаруалары үшін «Агробанктің» тиімділігі неде? «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес, еліміздегі ауылшаруашылығын қаржыландыру көздері үстемелік пайызды 7-ден асырмайды. Шаруаның шатқаяқтап қалмауы үшін бұл әрине жақсы. Дегенмен, кепілзат қою мәселесінде коммерциялық банктердің талабы күшті. Ал егер «агробанк» құрылар болса, бұл түйткіл оң шешілер еді деп санайды Ауылшаруашылық басқармасының өкілдері.
Низамиддин Пірманов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Әсіресе, ауылдық жерлердегі саман қыштан тұрғызылған үйлерді, ауылдық жерлердегі бағасы төмендеу, орталықтан қашықтау жерлердегі қора-қопсы, не болмаса, барлық жылжымайтын мүліктерді алуда, жылжитын мүліктерді алуда банктер өте төменгі деңгейдегі пайыздарды қойып, өзінің нақты құнынан 10 есеге дейін төмен бағалап, болмайтын қаржы ұсынады».
Әзірге, «Агробанк» идеясы бұл жоба негізіндегі жоспар. Егер осы іс тезірек қолға алынар болса, Оңтүстіктегі көп шаруа қаржы алып, ісін жолға қойып алар еді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының өкілдері осылай дейді. Айта өткен жөн, біздің өңірде 70 мыңнан аса шаруа қожалықтары бар.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=cbvK3ztTS-s[/youtube]