…Емін-еркін жүзіп келе жатыр. Өзінің туып-өскен суы. Түбіндегі әрбір қиыршық тасына дейін, өсіп тұрған қылтанақ балдырына дейін жатқа біледі. Аса терең емес көл болғандықтан, үлкен жыртқыштар жоқ. Тек…адам болмаса. Кәдімгі адам. Табиғаттың ең қауіпті жыртқышы. Сол адам қармақ дейтін қаруына ауызды жыртатын темір ілгек тағып, көлге тастайды. Тағы басына құрт іліп қоятынын қайтерсің?
Соған алданып, талай үйірлесі жем болды. Басқаны қоя берші, осы жақында ғана бір маусымда уылдырықтан тараған ұяластарының біразы қармаққа ілікті. Оларды көріп тұрып, енді жоғарыдан салбырап түскен тегін құртқа ұмтылмаймын деп, өзіне-өзі серт берген. Әрине, оңай емес. Қатты қызығады. Әсіресе, жыбырлаған шұбалшаңның дәмін айтсаңшы. Бірақ, өмірі қымбат. Сондықтан аса сақ болып жүзіп жүргені. Тек көлдің көлеңкелі түбінен ғана жем теріп жейді. Кейде ашқұрсақ болып қалады. Бірақ, шыдайды…
…Бағлан бүгін де жұмысына ерте келді. Көбінесе әдеті осы. Цехқа ерте келіп, құрал-саймандарды бір қарап шықпаса, бірдеңе жетіспейтіндей көрінеді. Жұмысына көңілі толады. Цехтың білдей бас шебері. Айлығы жүріп тұр. Ең бастысы — өзінің сүйікті кәсібімен айналысады. Кекілі желбіреп, басы жалтырап жүретін бала шағынан-ақ балыққа құмар.
Он жасынан қолына қармақ ұстады. Төсегінің астында бойынан ұзын қисық қармағы мен ала добы жататын. Таңертең тұра сала соларды бір қолына алмаса, көңілі көншімейді. Кейде ағасы ерте тұрып, қармағын жасырып қойса, таңертеңнен қиғылықты салады келіп. Содан тамақтана сала ауылдың іргесіндегі өзенге жүгіреді. Күн ұзақ қолынан қармағын тастамай, балық аулайды. Кейде қатты шаршап келіп, анасы қуырып берген балығын жеуге шамасы келмеген күйі ұйқыға құлайды. Бойы ұзарып, өскен соң өзеннің терең тұстарына ау да салып жүрді. Таңертең келіп, ауды салып қояды да, әрі қарай қармағын сермеп, жағада күнұзақ отырады…
…Қарны ашайын деді. Бүгін күн аздап бұлтты болған соң ба, әдеттегідей суға құлайтын шыбын-шіркей кездеспей қойды. Ал көлдің түбінен табылған бірді-екілі жемді денесі үлкен, шапшаң балықтар-ақ қоймайды. Сондықтан бүгін күнделікті айналып келетін бұрылыстан әрірек жүзбек болды. Бейтаныс жер болса да, амал жоқ. Жем табу керек. Осы оймен балдыры мен шөбі қалың тұсқа қарай бет алды. Ақырындап жүзіп келеді. Әзірше төніп тұрған қауіп жоқ. Аспаннан салбыраған қармақтар да көрінбейді.
Кенет, көзі жылт еткен затқа түсті. Анадай жерде жалт-жұлт етіп жатыр. Тоқтай қалды. Ол не болды екен? Бірден бас салуға жүрексінеді. Дегенмен, әуестігі жеңіп, алға қарай жүзді. Сөйтіп, қалайша тордың ішіне кіріп кеткенін байқамай да қалды. Сол сәтте артқа бұрылып, қашайын деп еді, онысынан түк шықпады. Көк шыбықтан мұқият тоқылған тордың аузы ішке қаратылған. Сырттан кірген балық кері шыға алмайды. Шыбықтың өткір ұштары жібермейді. Тордың сүйірленген аузы да тар.
Енді қайтті? Шарқ ұрып, бұлқына бастады. Тордың түбінде ондаған балық қалқып тұр екен. Соларға барып ұрынды байқаусызда. Байғұстардың осында қамалғанына біраз уақыт өтсе керек, қимылдай қоймады. Кенет жоғарыдан бір жойқын күш торды көтеріп әкетті. Көлдің бетіне барып, ауаға қалай шыққанын байқамай да қалды. Жарқ еткен күннен көзі шағылысып кетті. Бар күшін салып, бұлқына бастады. Бірақ, бәрі де кеш еді. Тор жерге гүрс етіп құлағанда есінен танып кетті…
…Мектеп бітірген соң Бағлан қатарластары секілді оқу қумай, әскерге барып келді. Содан кейін ауылда біраз жұмыстардың басын шалып жүрді. Ешқандай тірлік көңілінен шығар емес. Балыққа деген әуестігі әлі басыла қоймаған. Қолы босай сала өзен жағалап кетеді. Көбінесе әкесімен бірге аулайды. Ағасы да балыққа қызығады. Бірақ, Бағлан секілді емес. Ұйқыбас.
Кешке салған ауды күн әлі шықпай жатып көру керек. Әйтпесе, лақа шоршып, жіпті үзіп кетуі мүмкін. Сол ауды тексеруге көбінесе өзі барады. Ұйқысын қимай, жарты сағат оянатын ағасын күтпейді. Кейде әкесімен бірге шығады. Ол кезде рахат. Әкесі өзеннің қай жерінде лақаның іні барын жатқа біледі. Оған еріп жүрсе, өзін әлі де жас бала сезініп кетеді. Тек үнсіз, ымдап берілетін нұсқауларын орындап отырсаң болғаны.
Өстіп жүргенде көрші ауылдан балық өңдейтін шағын зауыт ашылғанын естіді. Күндердің бір күнінде тұрақты жұмысқа орналасуы керек қой — сонда барып, жұмысқа кірді. Қазір цехта істейді. Міндеті — алыстан вагондап жеткізілетін мұздалған балықты тездетіп алып арнайы контейнерге орналастыру керек. Мұзы еріген соң консерві цехындағы қыздарға жібереді. Жұмысы осы ғана. Қиын емес. Ең бастысы — өзі құмар балығын күнде қолына ұстайды. Оған да шүкір…
…Көзін әрең ашты. Аузы жабысып қалыпты. Денесі сіресіп қалған. Тынысы тарылып барады. Ауа жетпей жатыр. Желбезегі түгілі бір қабыршағын да қимылдатуға шамасы келер емес. Не болғанын білейін деп, жан-жағына қарайын десе, күші жетпеді. Бір көзі шалғаны — астында да, үстінде де өзі секілді балықтар қатталып жатыр. Шошып кетіп, есінен тағы да танып қалды…
…Бұл жолғы жүк пойызы әдеттегіден кешігіп келді. Келе сала құрамның бастығы зауыттың жұмысшыларын асықтыра бастады. Балықты тездетіп түсіріп алу керек. Әйтпесе мұз еріп кетеді. Ары-бері арпалысқандардың арасында Бағлан да жүр. Үлкен-үлкен жәшіктерді әріптесі екеуі қос қолдап әрең көтеріп, цехтың түп жағына жинап жатыр. Балықтың барлығын түсіріп алған соң пойыз жөніне кетті. Жұмысшылар маңдайдан шып-шып шыққан терді сүртіп, кеудені кере дем алуда. Әрқайсысы әр бұрышта отыр.
Тек Бағлан ғана жәшіктерді аралауға кетті. Балықтың сан түрі бар. Барлығы мұздатылған. Бірақ, уақыт өткен сайын еріп барады. Қазір жұмысшылар аздап тыныс алған соң балықты камераға тасу керек. Одан әрі жуу, майдалау, бөліп-бөліп консервілеу.
Осылай қалың ойға шомып тұрғанда жәшіктің ең бетіндегі балыққа көзі түсіп кетті. Мұз құрсанған балықтың желбезегі әзер қимылдағандай. «Қой, олай болуы мүмкін емес» деп ойлады. Бірақ, жаны тыным таппай, әлгі балыққа үңіліп қарады. Дем алмай, бір минуттай көз алмады. Әне! Желбезек тағы да қимылдады. Өз көзіне сенер емес! Сонау жерден келетін балық осы уақытқа дейін әлдеқашан жан тапсыратын. Мұны жақсы біледі.
Балықты қолына алды. Кәдімгі мөңке балық екен. Ауылында күзді күні талай рет ұстаған. Жұп-жұқа, еті тірі балық. Қалтасындағы цехтың қақпасының қара кілтімен мұзды бұзды. Алақанына алған денесі мұздай балық құйрығын әлсіз қимылдатты. Тірі! Құдайдың құдіреті — балық тірі екен! Айқайлап жібере жаздап, тілін тістеп қалды. Жүрегі алқынып кетті. Балықты абайлап қалтасына салып, тез басқан күйі цехтың арғы түкпіріне кетті.
Қабырғаға жапсарлас салынған шағын кабинетіне келді. Дереу үлкенірек банкі алып, ішіне су құйды. Асығып жүріп, ыдысты қолынан түсіріп ала жаздады. Көлеңке жерге апарды да балықты ішіне жіберді. Алғашында қимылсыз балық бірден ыдыстың түбіне шөкті. Көз алмай қарап тұр. Бірер сәттен кейін желбезегін қимылдатып, балық аузын ашты. Қайта жапты. Желбезектен сүзілген судың оттегісімен дем алуда. Енді оның өлмейтініне көз жеткізген Бағлан жүгіріп жұмысына кетті…
…Жарық сәуле түсе бастады. Тынысы кеңейе бастағандай. Иә-иә, ауа келіп тұр. Денесі де босап қалыпты. Көзін ашып еді, ең алдымен көрінгені банкінің мөлдір қабырғасы болды. Мүлде жат жерде жатыр. Асты-үсті жып-жылтыр. Қармап қаларлықтай ештеңе жоқ. Бірақ, ең бастысы — тірі. Тыныс алып тұр. Неге екені белгісіз, бұдан кейін тірі қалатын секілді. Енді қорқынышты сәт қайта келместей сезілді. Осы сәтте мөлдір қабырғаның арғы жағынан есік ашылып, адамның сұлбасы көрінді. Қорқып кетті. Алайда ешқайда қаша алмайды. Судың ортасында қалқыған күйі тұрып қалды. Әлгі алып адам дәл қасына келіп, үңіліп қарады. Көздері қандай үлкен! Бірақ қорқынышты емес. Бұл — өзін мұздан аршып алған Бағлан болатын…
Нұрлан БЕКТАЕВ (NB22)