Ел біріншілігінің 20-туры аясында өткен «Шахтер» «Ордабасы» кездесуінде Мұхтар Мұхтаровтың ойнағаны үшін Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті «Ордабасыны» жазалап, сол матч үшін 0:3 есебін жазды деп хабарлайды Тоday.kz
Сөйтсек, сары қағаздарының саны шектен асып кеткен Мұхтар Мұхтаровтың бұл ойынға қатысуға құқы болмаған екен. Алайда, Мұхтар алаңға жай ғана шығып қана қоймай, командасын капитан ретінде бастап шыққан болатын. Осыған байланысты барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитетіне жөнелтілді. Өз кезегінде ТБК «Шахтерге» 3:0 есебімен жеңіс жазып, «Ордабасыға» керісінше 0:3 есебін белгіледі. Сондай-ақ, клубқа 500 мың теңге айыппұл салынды.
Өз қателіктерін «Ордабасы» тарапы да мойындап отыр. Футболшылардың сары қағаздарын есептеп отыруға жауап беретін команданың бапкері Тимур Ықсанов бар кінәні өз мойнына алды. Естеріңізге сала кетейік, 19 шілде күні Қарағандының Орталық стадионында өткен бұл кездесуде «Ордабасы» алаң иелерін 3:1 есебімен тізерлеткен болатын.
Тәртіптік-бақылау комитетінің бұл шешімі турнир кестесінің үздіктер бөлігіне біраз өзгеріс енгізді. Үшінші орында тұрған шымкенттіктер 5-сатыға түсіп қалса, «Шахтер» екі сатыға көтеріліп, үздік үштіктің қатарына қосылды.