Мақтаралда білім нысандарын салу тым қымбат. Жобаның сметалық құнын жасауда да жетісіп тұрған жұмыс жоқ. Салғырттықтың салдарынан Мырзашөлде өткен 6 айда салынуы тиіс көптеген әлеуметтік нысанның құрылысы басталмаған да. Ауыл шаруашылығында да кемшіліктер жетерлік.
Азаттық ауылындағы 200 бала салынғанына жарты ғасырдан асқан бұрынғы клубта оқып жүр. Мақтаралдың құрылыс саласындағы сарапшылары «200 орындық мектеп салу үшін 421 млн. теңге қажет» деп шешіпті. Бұл облыс әкімінің ашуын тудырды.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «300 орындық мектептің құны 360 млн. 300 орындық. Мынау 200 орындық. 100 орыны кем. 200 орындыққа 421 млн. сұрап отсың. Айттық қой өткенде шын мәнінде әлеуметтік мәселені шешемін десең, ауылдың әкімі ауданның әкімі сол дұрыс жерді тап. Айдалаға салып тастамай. Сайдың ішіне. Судың ішіне. 400 млн. деп. Сондықтан мынауың өтпейді сразу айтам. Тазала ананың құнын».
Мемлекеттік ақшасын майшелпек көріп дағдыланған «дөкейлер» жобалық сметалық құжаттама жасауда да да салғырттық танытқан. Осы жарты жылдықтың өзінде көптеген нысандар салынып және жөнделуі қажет болатын. Алайда, кешігіп жасалған құжат ауданның әлеуметтік әлеуетін реттеуге кедергі келтірді.
Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары: «Білім саласы бойынша 2014 жылы 17 мектепті күрделі жөндеуге ұсыныс берілген. Алайда ЖСҚ берілмеген. Және жеті нысанның құрылысын салу енгізілген. Алайда 4 мектеп бойынша ЖСҚ әзірленбеген. Денсаулық сақтау саласы бойынша 2014 жылы 19 нысан салуға ұсыныс берілсе, 8-нің ЖСҚ әзірленбеген».
Адамын айтпағанда шөлі де мырза келетін ауданның ауыл шаруашылығында да кемшіліктер жетерлік. Мал басы жыл санап азайып келеді. Соған орай, жоңышқа егуді де тоқтата бастаған. аграрлық өнімдерді сақтайтын қоймалар да тапшы. Мәселенің үлкені су тапшылығына қатысты.
Берік Оспанов, облыс әкімінің бірініші орынбасары: «Су үнемдеу технологияларын пайдалануда әлі күнге дейін ешқандай алға жылжушылық байқалмай отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша аудан әкімшілігі нақты іс-шарасын жасау керек. Ертең су көлемі одан да аз болатын болса, қалай боламыз. Еге алмай қаламыз ғой мына түрімізбен».
Жарты жылды осылай қорытқан аудан әкімдігі алдағы үш айдың ішінде кемшіліктерді реттеуі тиіс. Әйтпесе, салаларға жауапты мамандар 9 айдың қорытындысы кезінде жылы орнымен қош айтысуы мүмкін.