Мақтаралдықтар «Қауын фест» фестиваліне дайындалып жатыр

1083

Биыл өңірімізде әр ауданның өз ерекшелігіне орай түрлі іс шаралар өткізілгені белгілі. Түлкібас ауданында қызғалдақтар фестивалі, Бәйдібек ауданында Қымызмұрындық шарасы өтті. Алдағы уақытта Шардарада жағажай фестивалін ұйымдастыру жоспарда бар. Ал мақтаралдықтар «Қауын фест» фестиваліне қызу дайындалып жатыр.

Олай болатын да жөні бар. Жазы ыстық болатын Мақтарал ауданын қауынның отаны деуге әбден болады-ақ. Былтыр аталмыш ауданның дихандары 600 мың тонна қауын қарбыз жинаған болатын. Оның басым бөлігі Ресейге, Белоруссияға жөнелтілген еді. Одан бөлек Латвия, Литва елдерінен де көптеп сұраныс түскен болатын. Дәмі тіл үйіретін, балдай тәтті қауындары үлкен сұранысқа ие.

Жақын күндері Астана күніне орай Елордаға 44 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілгелі отыр. Оның арасында әрине мақтаралдық қауын қарбыз да бар.Күні кеше аудан әкімдігінде өткен аппарат жиынында тамыз айында ұйымдастырылатын «Қауын фест» фестиваліне дайындық жұмыстары пысықталды.

А.Бейімбет