ОҚО-дағы екі департамент басқармаға айналып, басшы тағайындалды

Бастар Есқараев
Бастар Есқараев

ОҚО әкімінің өкімімен Бастар Әуелханұлы Есқараев ОҚО-ның еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы – облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы болып тағайындалды.

Ол 1962 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша ғалым-агроном, экономист-бухгалтер, заңгер.

Еңбек жолын 1986 жылы «Пахтарал» бірлескен шаруашылық-техникум биофабрикасының техник-лаборанты болып бастаған. 1987-2008 жылдары Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы Мырзашөл ауданы Абай шаруашылық-техникумы комсомол комитетінің хатшысы, оқу бөлімінің оқытушысы, Мырзашөл аудандық жеке қосалқы шаруашылық иелері Ассоциациясының төрағасы, Мақтаарал ауданы «Түрксиб» фирмасы директорының орынбасары, «Асық-Ата-Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты тәртіптік кеңес хатшылығының бас маманы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық басқармасы – Оңтүстік Қазақстан облысы тәртіптік кеңесінің консультанты қызметтерін атқарған.

2008 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары – бас мемлекеттік еңбек инспекторы болып еңбек етіп келеді.

Ғалия Жүсіпова

Ал Ғалия Жүсіпбекқызы Жүсіпова ОҚО балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы болып тағайындалды. 

Ол 1959 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша француз және неміс тілдерінің мұғалімі.

Еңбек жолын 1984 жылы Бәйдібек ауданы Ленин атындағы орта мектептің француз және неміс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған.

1984-2002 жылдары Сайрам ауданы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің хатшысы, Сайрам ауданы Комсомол комитеті есеп секторының статисті, оқушы жастар мен оқушылар бөлімінің меңгерушісі, білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері, білім бөлімінің шет тілдер бойынша әдіскері, Сайрам ауданы №47 орта мектебінің француз тілінің мұғалімі болған. 2003-2013 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің әдіскері, университет колледжі директорының

оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, облыстық «Қорған» балалар қоғамдық қорының директоры қызметтерін атқарған.

2007 жылдың қараша айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры болып еңбек етіп келеді.

Айта өткен жөн, бұған дейін аталған азаматтар басқарған мекемелер облысқа емес, министрліктерге қарайтын. Енді басқармаға айналған мекемелер облыс әкімдігіне бағынышты болады.