Су тасқыны салдарымен күреске белсене қатысқан 12 азамат алғыс хатпен марапатталды

2
фото Шымкент ҚӘБҚ

 

Шымкент қаласының кәсіпкерлері игі істен ешуақытта да шет қалған емес. Бизнесте де, өзге істе де әрдайым алғы шепте жүретін кәсіпкерлер бұл жолы да ұйымшылдықтарын көрсетті. 1 мамыр– Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Мереке аясында бүгін «Достық үйінде» «Береке – бірлікте» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс шарада еліміздегі су тасқыны салдарымен күреске белсене қатысқандар алғыс хат алды.

Шымкенттік кәсіпкерлер су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 200 млн. теңгеден астам көмек жіберген. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры мәлімдеді. Мегаполистің бизнес өкілдері қаржылай ғана емес, заттай да көмекті аямаған көрінеді.

Сабира Адамбекова, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры: «Орал қаласына, Атырау облысына және Павлодар қаласына заттай және қаржылай көмектер жіберілді. Күнделікті заттардан бастап, азық-түлік, төсек орындар, бөгет тұрғызуға қажетті қапшықтар мен күректерге дейін. Ал ірі құрылыс компаниялары арнайы техникаларын жіберіп отырды. Жиналған қаржылай көмек «Күшіміз бірлікте» қоры және басқа да Қазақстандағы басқа да ресми қорларға жолданып отырды. Қала кәсіпкерлерінің бірде бірі шетте қалмай су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдан келгенше көмектерін ұсынып отырды»

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқандардың бұл жақсылығы елеусіз қалмады. Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткен дөңгелек үстелде игі іске жұмылған жандар алғысқа бөленді. Су тасқыны салдарымен күреске белсене қатысқан 12 азаматты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков алғыс хатпен марапаттады.

Сондай ақ, жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына жаңадан қабылданған азаматтарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған куәліктер де табысталды.