«Достық» ауылының тұрғындары шенеуніктерге өкпелі. Себебі, 500-ге жуық тұрғыны бар елдімекен қала қоқысының түтінін жұтып келеді. Осы мәселемен арызданып табан тоздырған тұрғындар ендігі кезде басшылардың кезекті уәдесіне сенімсіздікпен қарап отыр.
Сәрсенкүл Ибраймова,»Достық» ауылының тұрғыны: «Осында тұрып жатқанымызға 3 жыл болып қалды. Күнде осы жаман иіспен демалып келеміз. Балалар далаға жатамыз дейді. Бірақ жата алмайды».
Ауыл тұрғындарының айтуынша, олардың қара түтінді жұтып келе жатқанына 7 жылдан аса уақыт болған. Өткен түнде ауылдың 3 баласы түнгі салқында тысқа жатамын деп, қоқыстан шыққан түтінге уланған. Қазір олар ауруханада жатыр. Қолаңса иістен шаршаған тұрғындар арыздарын арқалап тиісті басшыларға талай барған.
Қаланың коммуналдық шаруашылық қызметінің өкілдері жұртқа жауыр болған жауап қайтарумен шектелді. Сектор меңгерушісі Ерубай Құралбаев жаңа қоқыс полигонының құрылысы аяқталысымен жағдайдың жөнге келетінін айтады.
Алайда, Ақтастағы қоқыс полигонының құрылысы созбалаңға салынығанына бір жылдың жүзі болды. Құны шамамен бір жарым миллиард теңгені құрайтын жоба биыл да жүзеге аспай қалатын түрі бар.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=p-9RC3YgFh8[/youtube]