Сезімге толы әнді әдеттегідей танымал әншілер емес, облыстық «Мен өмірге құштармын» фетивалінің үміткерлері орындады. Бұл әні олардың айтулы додаға жолдамасын таразылайды. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнерлері телегей. Көрермендер осылай мойындап отыр. Сол таланттылардың қатарында Мақсат Сәрсенбаев та бар. 4 жыл бұрын қайғылы жағдай оның да жүрегіне жара салған. Арбаға таңылды. Дегенмен бұл халі оның арманына кедергі емес.
Мақсат Сәрсенбаев, өнерпаз: «Бақыт таңы» деген әнді орындадым. Барша адам бақытты болуға лайықты деп ойлаймын. Әнді бәріміз бақытты болайық деген ниетпен орындадым. Көз алдыма мен аяққа тұрып, жүріп, болашақ жарыммен бақытты болуды елестеттім. Құдай қаласа, сол ниетіме жетемін деп ойлаймын. Күзгі фестивальде орын аламын деген ниетім бар. Бұған қоса мен қолөнермен де айналысамын, түрлі еңбектерім бар. Мұнда мен ғана емес, баршасы қолы қит етсе қолөнер жұмыстарын жасайды».
Оңтүстіктің 2 миллиноннан астам тұрғыны бар екенін ескерсек, олардың 3,6 пайызын яғни 96 мың 171-ін мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды. Көрсеткіш тіпті республикалық деңгейден жоғары. 2012 жылы мұқтаж мүгедектерді әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыстық және жергілікті бюджеттен 7 млн -нан астам теңге жұмсалыпты. Ал биыл мемлекет назарына мұқтаж жандарға 9 млн-ға жуық қаржы қаралып отыр. Бір қызығы «Мүмкіндігі шектеулі жасөсріпімдерге қуаныш сыйлайық» акциясын ұйымдастырып жүргендер олардың қандай жұмыстармен қамтылып жатқаны түгелі, жалпы санын білмейді. Жарымжан жандардың өмір-тіршілігінен хабарсыз. — Жағдайдың бәрі жасалынып жатыр, — деген атқарушы хатшы нақты қай салада екенін де айтқан жоқ.
Заңғар Үсіпахметов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы: «Мүмкіндігі шектеулі жасөсіпірімдер саны жөнінен менде ешқандай информация жоқ. Жалпы, қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдайдың бәрі жасаланып жатыр. Арнайы техикалық базамен қамтылу мәселесі де «Жас Отан» жастар қанаты және партия тарапынан да қозғалып жатыр. Ал қаншасы жұмыспен қамтылған цифрасын мен айта алмаймын. Арнайы жорналдарды ашып, көру керек».
Қара домбыраның құлағында ойнап, құйқылжыта күй тартқандар да болды. Жүрекпен сезіп, тағдыр толғауын арқау етті. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнерлерімен өрге озатынын дәлелдеуде. Дәл қазіргі уақытта өңіріміздегі оңалту орталығында ем алып жүрген олар ертеңін жарқын елестетеді. Үлкен сеніммен қарайды. Жарық дүниені көзбен көрмейтіндер де, өмірге келгеніне қуанады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=_J65PY3l8QM[/youtube]