Прокурор: «Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау қажет».

118

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар қалай өмір сүріп жатыр? Мүгедектігі бар жандар үшін жағдай жасалған ба? Маңызды тақырыпты Шымкент қаласының бас прокуроры мен халық қалаулылары талқыға салды. Ғабит Мұқановтың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі адамдар күнделікті қиындықтарға тап болады. Ал оларға қолайлы жағдай әлі күнге дейін неге жасалмай келеді?

Шымкенттің бас прокуроры мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек тек сөз жүзінде ғана емес, нақты іске көрсетілуі керек деп есептейді. Сөзінше, жай аяушылық танытудың орнына нақты көмек көрсетіп, мәселені шешкен дұрыс! Шымкентте бір жарым мыңнан астам адам арбаға таңылған. Олар күн сайын пандустың, арнайы көлік қоятын орынның болмауы секілді түрлі кедергіге тап болуда.

Прокурорлар тексерілген объектілердің 80% – ында мүгедектер үшін қажетті жағдайлардың жоқтығын анықтады. Оның ішінде 65 учаскелік полиция пунктінде, 47 білім беру және тоғыз әкімшілік ғимаратта, сондай-ақ 32  мемлекеттік ғимаратта, 750  автотұрақта (бұл 75%) мүгедектерге автокөліктерді қоятын орындар қарастырылмаған.

Прокурор арнайы көліктің жетіспейтінін де атап өтті. Ал тіпті кейбір қоғамдық көлік жүргізушілері автобус пандустарын қалай пайдалану керектігін білмейді дейді.

Жиын қорытындысы бойынша Ғабит Мұқанов жағдайды түзеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық нысанда қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Прокурор мүгедек адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бұдан былай оның жеке, ерекше бақылауында болатынын атап өтті.

Гүлдана Дәурен