Шіліңгір шілдеде медициналық жәрдемге жүгінгендер саны күрт өсіп отыр. Қалада 56 жедел топ шақырулар бойынша қызмет көрсетуде. Дәрігерден көмек сұраған қоңыраулардың дені қарттар, жүкті әйелдер және балаларға қатысты.
Жедел жәрдем станциясының диспетчерлері тыным табатын емес. Шілде басталғалы шақыртулардың саны күрт өскен. Егер бұрын 1000 шақырту болса, қазір тәулігіне 1300-ден тіркелуде.
Шымкенттіктердің шақыртуларына қаладағы 7 тораптан 56 бригада қызмет көрсетуде. Алайда олар да аптап ыстықта көбейген науқастарға жәрдем беріп үлгеретін емес. Сондықтан жедел жәрдем күтіп, тағаты таусылған тұрғындардың кейбірі өз бетінше әрекет етуде.
Николай РЕПЬЕВ, зейнеткер: «Қиын, инфаркт мазалауда. Ыстықтан әбден шаршадым. Міне дәрі- дәрмек алып үйге асығып барамын».
Бастан күн өтпес үшін көлеңкеден шықпаңыз деп кеңес береді дәрігерлер. Алайда қайнап тұрған аптапта жұмыс істейтіндер де бар. Мынадай ыстықта қоғамдық көлік жүргізушілеріне оңай емес. Бірақ олар да амалын тауыпты.
Жүргізуші: «Марляны сулап басыма қоямын. Не істеймін, бала-шағаны бағу керек. Жолаушыларға салқындатқышты қосамыз, не терезені ашамыз».
Синоптиктердің мәлімдеуінше, шілденің 25- 27 аралығында облыста ауа температурасы 44 градусқа жеткен. Ыстық күндер тамыз айында да жалғасады деп күтілуде. Алайда, жағымды жаңалық та бар.
Ольга Иконникова, «Казгидромет» РМК ОҚОФ бөлім бастығы: «Алдағы екі күнде ыстық сақталады. Бірақ 2-3 тамызда ауа температурасы 30-35 градусқа төмендейді. Таулы жерлерде жауын-шашын болады деп күтілуде. Алайда тамыз айының екінші он күндігінде ауа-райы қайта ысиды».
Мамандар тұрғындарға ыстық күндері үйде болыңыздар, күнге шығар болсаңыз бас киім мен салқын суды ұмытпау туралы кеңес береді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=luil9BZnFNw[/youtube]