«Қағаз толтырғаннан ота жасағанды жақсы көремін»

Мәди БИҒАЛИЕВ, Шымкент қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері
Мәди БИҒАЛИЕВ, Шымкент  қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері
Мәди БИҒАЛИЕВ, Шымкент қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері

– Мәди Қожаұлы, сізді жұрт кәсіби дәрігер деп қана емес, халық қалаулысы ретінде де жақсы біледі. Бірнеше жылдан бері облыстық мәслихаттың депутатысыз. Шыныңызды айтыңызшы, депутат ретінде мәслихатта қандай мәселелерді көтердіңіз?

– Өзім сайланған 7 округтің әлеуметтік жағдайын бір кісідей көтеріп жүрмін. Оған қоса олардың оңтайлы шешілуіне атсалысудамын. Жол, елді мекендерді жарықтандыру, көпқабатты үйлердің жөндеуден өткізілуін, балабақша қажеттіліктерін алға тартып, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп жүрміз. Енді өзіміз жұмыс істейтін жедел медициналық жәрдем ауруханасының кеңейтіліп, халықаралық таптарға сай жабдықталуына атсалыссам деген ойым бар. Біздің қабылдау бөлімімізде небәрі 4 кабина мен 2 кереует қана тұр. Күніне 120-150 адамды осы жерден күтіп аламыз. Содан кейін науқасты әрі-бері сүйреп медбикелер де әуре. Ал стандартты талапқа сай қабылдау бөлімінде ота жасау, зертхана, жедел жәрдем көрсететін бөлім болуы керек. Сонда науқасқа сапалы әрі жедел жәрдем көрсетуге мүмкіндік болмақ. Қазір бізде палаталарда 5-6 адамға дейін жатқызылған. Егер біз аурухананы кеңейтетін болсақ, әр палатада 1-2 науқас қана емделеді. Осы ойымыз жүзеге асса, үлкен тірлік бітірген болар едік. Біздің аурухана жедел-жәрдем көрсететін миссиядан өтіп кеткелі қашан. Бүгінде бізде жоғары дәрежелі тәжірибелі мамандардың шоғыры қалыптасқан. Ауруханада бауырға, өңешке, неврологиялық, урологиялық ауруларға ота жасалады. Қазір біз ангиографиялық кешеннің арқасында бас сүйекті кеспей-ақ, тамыр арқылы ота жасауға қол жеткіздік. Бұл біздің жетістігіміз. Бізде эндоскопиялық аппараттар мен компьютерлік томография жұмыс істейді. Содан болса керек, биыл біздің ұжым «Ең үздік емхана» атағына ие болды.

– Соңғы кездері халық қалаулыларының арасында «қысым көрсетті» деп араша сұрайтындар пайда болды. Сізге бұл қаншалықты қатысты?

– Бұл біздің облыстық мәслихат депутаттарына қатысы жоқ деп айтқан болар едім. Жалпы, облыстық мәслихатта елге беделді азаматтар жиналған. Ауызбіршілігі мен ынтымағы да жарасқан.

– Дәрігер ретінде қанша ота жасағаныңыз есіңізде ме?

– Бүгінге дейін 6 мыңнан аса отаға кірдім. Қазір асқазан, бауыр, бүйрекке жасалатын күрделі оталарды ғана өзім жасап жүрмін.

– Осылардың ішінде Сіз үшін өте қиын, күрделі болған ота бар шығар? Есіңізге түсіріп көрсеңіз…

– Мүмкін… (ойланып қалды). Осыдан бірнеше жыл бұрын түннің жарымында шақырту алдым. Мектепті енді бітірген 17 жастағы жас жігітке оқ тиіп, біздің ауруханаға түсіпті. Бас-аяғы бір жарым сағаттың ішінде 5 ота жасадық. Науқастың асқазанының жартысын, сол жақ бүйрегін, тоқ ішектің жартысын алып тастадық. Ащы ішек мүлде жарамсыз екен, оны ауыстырдық. Өзімді шақырғаны дұрыс болыпты, әйтпесе, тірі қалмас еді деп ойланғаным рас. Содан бері оны сырттай бақылауда ұстап жүремін. Келе-келе бұл бозбаланың жағдайы дұрысталып, тест тапсырды. Қазір Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқып жүр. Осы бір күрделі ота есімнен шықпайды.

– «Өзім келгенім дұрыс болды» деп қалдыңыз. Сонда сенім артар шәкірттеріңіздің болмағаны ма?

– Жоқ, олай емес. «Мынау менің шәкіртім» деп мақтана көрсететін 10 шақты шәкіртім бар. Олар қазір облыстағы ауруханалар мен емханаларда жұмыс істеп жатыр. Арасында аудандық ауруханаларда қызмет етіп жүргендері де бар.

Бүгінге дейін 6 мыңнан аса отаға кірдім. Қазір асқазан, бауыр, бүйрекке жасалатын күрделі оталарды ғана өзім жасап жүрмін
Бүгінге дейін 6 мыңнан аса отаға кірдім. Қазір асқазан, бауыр, бүйрекке жасалатын күрделі оталарды ғана өзім жасап жүрмін

– Белгілі азаматтың белгісіз жағы-отбасыңыз туралы білгісі келетіндер бар.

– Жасыратын ештеңем жоқ. Жұбайым Сәуле Әбдуәліқызы – невролог дәрігер. Орталық емханада бірнеше жылдан бері қызмет істеп келеді. Үш перзентіміз бар. Үлкен ұлым Талғат –- кеденде жұмыс істейді, кіші ұлым – заңгер. Жолымызды жалғаған қызымыз ғана. Кардиолог-дәрігер. 4 бірдей балапанға ата болып отырған жайым бар.

– Дәрігер ретінде дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлетін шығарсыз…

– Қатты көңіл бөлем деп айта алмаймын. Мезгілсіз тамақтанудан қашамын. Күніне 3 рет дастарханға отырамын. Таңертең міндетті түрде жаңадан сығылған шырын, түстікке – бірінші, екінші ас міндетті түрде. Кешкісін – жеңіл-желпі тағамдар мен жеміс-жидек жеймін. Етті өнімдерден тек құс еті мен балықты ғана жеймін. Қайта-қайта тамақтану маған жат нәрсе. Ал темекіні тастағаныма төрт жыл болды. Тастаудан қиналғам жоқ. Кешкісін «ертеңнен бастап тастаймын» дедім де ертеңінен бастап темекіні шекпей қойдым.

Денсаулығын ойлаған адам бірден тастайды. Содан бері жағдайым жақсы. Тынысым да тарылмайды, шаршамаймын да. Түннің ішінде темекім таусылып қалар ма екен деген уайымнан да құтылдым.

– Сізді аңшы деп жатады білетіндер…

– Ол рас. Анау айтқан аңшы болмасам да арнайы рұқсат құжаттарымызды құнттап алып аң аулауға, балық аулауға достарыммен шығып тұратыным бар. Қолым бос кезде бильярдқа барамыз. Кітап оқимын. Тарихи тақырыптағы кітаптарды қызыға оқимын. Қазақстан тарихы қызықтырады. Жақында Л.Гумилевті оқып шықтым. Өте қызық адам екен. Хирургияның тарихына үңілем.

– Достарыңыз көп пе? 

– Өте көп. Менің достарымның көбісі – бизнесмендер, Үкіметте қызмет ететін аптал азаматтар.

– Екінің бірі хирург сынды қиын мамандықты таңдай бермейді. Ота залына кірудің өзіне жүрексінеміз. Бірінші кезекте кәсіби біліктіліктің қажет екені белгілі, ота жасауға бел буу үшін тағы қандай қасиет керек?

– Ең алдымен, кәсіби ұқыптылық керек. Мен өз қызметкерлерімнен осыны талап етемін. Жасаған әрекеттеріңді қағазға түсіре алатындай болуың керек. Бұл хирургияда өте маңызды нәрсе.

– Кейбір хирургтерге тән кемшілік – операция кезіндегі күрделіліктерді жасыру. Артынан асқынулар болып жатқаннан кейін ғана дәрігерлер «осылай болып еді» деп жасырғанын айтуға мәжбүр болатыны бар, бұған не дейсіз?

– Иә, қорқады. Кейбір әріптестерімнің ота кезінде болған қиындықтарды, кейбір әрекеттерді өз деңгейінде орындай алмағанын жасыратындығы рас. «Жұмыстан босап қалам, сөгіс алып қалам» дей береді. Бірақ, артынан бәрібір шығады. Оданда «ота жасау кезінде мынадай қиындықтар болды, мына жерінде былай жасай алмадым, егер соны былай жасағанымда дұрыс болар ма еді» десе, адам баласысың ғой, түсінесің. Жоқ, көпшілігі «операция сәтті өтті, қатырып қойдым» деп, шындықты жасырып қалады. Содан кейін асқынулар кезінде науқас та қиналады. Біз себебін таппай қиналып, қандай шаралар қолдануымызды білмей дал боламыз.

– Кейде осы мамандықты таңдағаныңызға өкінетін кезіңіз болатын шығар, жас кезіңіз қайта айналып келсе, қай мамандықты таңдар едіңіз?

– Жоқ. Мен еш өкінбеймін. Қайтадан хирург болар едім. Мен жұмысымнан ләззат алатын бақытты адаммын. Құжаттамалық жұмыстардан гөрі ота жасаған жаныма жақын. Мен ота залында кәдімгідей демаламын. «Бір адамға өмір сыйладым» деп масайрап шығамын.

– Хирург өмір мен өлімнің арасында жүреді. Бірде «өмір сыйласа», бірде науқасты ажал тырнағынан арашалай алмай қалатын кездері болады. Науқасты аман алып қала алмаған кездегі көңіл күйіңіз қандай болатынын білуге бола ма? Мұны сұрап отырғаным қарапайым жұрт «хирургтер күн сайын ота жасай бергендіктен аяушылық, қайғыру деген сезімнен ада. Олардың еті үйреніп кеткен» деген пікірде?

– Рас, жұрттың «дәрігерлер өлімге үйреніп қалған, өлі адамды көру оларға түк те тұрмайды» дейтіні бар. Бірақ, біз де адамбыз ғой. Көз алдыңда адам өліп жатса, сенің де қабырғаң қайысады. Әсіресе, өрімдей жастарды аяйсың. Мен үшін ең ауыр сәт – көз жұмған адам туралы хабарды туыстарына естірту. Осы бір жаман хабарды айтудан әлі күнге қатты қиналамын. Жүрегім езіліп кететіні бар.

– Өмірдегі өкінішіңіз….

– Жалпы, адам баласы ешқашан өкінбеу керек. Өмірге келдің бе оны ойыңдағыдай өткізу өзіңе байланысты. Мен ештеңеге өкінбеймін. Бірақ, бір оқиға әлі күнге есімнен шықпайды. Атын атамай-ақ қояйын, біздің облысқа белгілі бір азамат болатын. Осыдан жиырма жыл бұрын панкреонекроз дертінен қайтты. Осында 5-6 рет ота жасадық. Болмады. Ақырында Ресейге алып кетіп, сонда ота жасалды. Ол да нәтиже бермеді. Сол жақта көз жұмды. Негізі бұл дерттен аман қалу екіталай. Он адамның екеуі ғана емделіп, өмір сүріп кетуі мүмкін. Қолымнан сол азаматқа көмегім тимегеніне, аман алып қала алмағанымызға өкінетінім рас.

– Сіздің арманыңыз… 

– Бала-шағамның рахатын көру. Әке ретінде мен де балаларымның тек жақсылығын көргім келеді. Мен кейбіреулерге ұқсап « балам бастық болса екен» деп армандамаймын. Мен оларға үнемі айтып отырамын. Орынтақтың уақытша нәрсе екенін. Ең бастысы, маман бол. Бастық болып, орныңнан түсіп қалсаң да оқасы жоқ. Егер сен өз ісіңнің білгірі болып тұрсаң.

Облыста балалардың ВИЧ індетіне шалдығып, қоғамдық пікір ушыққан тұста облыстық клиникалық ауруханада қызмет істедім. Шынымды айтсам, астаналықтармен жұмыс істеу мүмкін болмай кетті. Арызымды жаздым да шығып кеттім. Осында келдім. Мақтанғаным емес, мен келгенде ұжымның қуанғанын көрсеңіз. Өте жылы қабылдады. Яғни, менің еңбегімді ұжым бағалайды. Мен үшін бұдан қымбат ешнәрсе жоқ.

– Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА