Құрметті шымкенттіктер! Қадірлі қала қонақтары!
Азаматтығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң — Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы.
Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл күн — халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке.
Жаңа мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Негізгі заңымыздың қабылданғанына биыл 18 жыл толып отыр.
Халықтың өзі дауыс беріп, қабылдаған Ата заңымыз өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылды. Конституция бірлігіміздің тұрақтылығын, мемлекеттік құрылыс пен еліміздің тұтастығын бекітіп берді.
Әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарын сақтауына берік негіз болды. Жасампаз жаңа дәуірге кең жол ашты. Еліміздің жеткен жетісігі мен алған белесі осы тұғырлы Конституцияның арқасында мүмкін болды.
Ата заңымызға деген ерекше құрмет біздің сеніміміз бен күшіміздің қайнар көзі. Бірлігі жарасқан қазақ елі аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған күшті мемлекетке айналды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Конституция Қазақ елінің өркендеуі мен өрлеуінің негізі» деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі.
Қазақстан қазіргі таңда тарихи өрлеу кезеңінде.
Конституцияда атап көрсетілген мемлекеттік басқару жүйесі негізгі реформаларды жедел қарқынмен жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мемлекетке қажетті заңдар дер кезінде қабылданып, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық қана емес, саяси жетілуге жол ашылды. Бүгінде еліміздің әлемдік қауымдастықта білікті де құрметті әріптестік деңгейіне көтерілгенін мақтанышпен айтамыз. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің елімізде өткізілуі де кездейсоқ емес. Бұл Ата заңымыздың арқасында келісім мен татулығы жарасқан халқымыздың қол жеткізген жетістігі. Әлем қауымдастығы алдында зор абырой, бүкіл қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе.
Күні кеше түрлі деңгейде өткен әкімдер сайлауы да әркімнің сайлауға, сайлануға, конституциялық құқығын пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстанның даңқы бүгінде әлемге танылып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін қарышты қадамдар жасауда. Бұл Елбасымыз Н. Назарбаевтың табанды түрде жүргізіп отырған салиқалы саясатының жемісі және жеңісі. Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің уыздай ұйыған ынтымағы мен бірлігінің нәтижесі.
Құрметті шымкенттіктер!
Біз тәуелсіз, еркін, гүлденген елде өмір сүрудеміз. Өзге аймақтармен қатар біздің Шымкент қаласы да тұрақты даму үстінде, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсарып, жыл сайын әлеуметтік бағдарламаларға — денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Ұлтаралық татулығымыз нығая түсті. Осы жетістіктеріміздің барлығының негізгі діңгегі Ата Заңымызда жатыр.
Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақ-береке тілеймін!