Бұл өмірде сатылмайтын не қалды өзі? Дүниеқоңыздыққа, ашкөздікке құныққан пенделер тіпті ағзасын саудаға қоя бастады. Рас, қазір өлі адам болсын, тірі адам болсын дене мүшелерін бөлшектеп сатып жатқандарды кезіктіресіз. Трансплантациялау хақында Ислам ғалымдары не дейді? Дініміздегі үкімі қандай?
Статистика мамандары бүй дейді: әлемдегі бір миллион адамның оны жүрек трансплантациясына зәру. Ал елімізде ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар саны 4000-нан (1200 адам – жүрек, 1200 адам – бауыр, 2000 адам – бүйрекке зәру) асады екен. Кінәраты жоқ дене мүшесін сатып алу да аз ақша емес. Жүз мың АҚШ долларына таяу қаражатыңыз болуы шарт. Ағза ауыстырудағы ең қауіпті мүше – жүрек пен бауыр.
Әрбір ағзаның өміріміз үшін маңызы жоғары екенін бәріміз білеміз. Сол себепті заңсыз сату мен еркінен тыс күштеп алуға еліміздің заңдарында тыйым салынған. Асыл дініміздің де үкімі солай. Расында, денеміз Алланың бізге берген аманаты емес пе? Оны қорлауға ешкімнің хақысы жоқ. Дініміздің үкімі бойынша «Бір адамның өліміне себепкер болу, бүкіл адамзатты өлтірумен тең». Міне, осыдан ақ көп жәйтті аңғаруға болатындай. Оған қоса дінімізде «Бір адамның өмірін құтқару, бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең» деп те айтылады. Бұл ретте, аса зәру жағдайда ғана адам ағзасын ауыстыруға рұқсат екендігін аңғарамыз. Әрине, ол үшін кейбір үкімдер мен шарттарға назар аударуға тиіспіз.
Ислам ғұламаларының шығарған үкімі бойынша, дене мүшелерді сатуға болмайды. Тек сый ретінде берсе құба-құп. Ақиқатында, дене ол адамның өз иелігіндегі мүлкі емес. Сонымен қоса, ағзаны ауыстыру үшін кейбір шарттарды білген жөн. Ең әуелі ағзасын беруші пенде жиырма бір жасқа толуы керек. Ғалымдар мен дәрігерлер бір ауыздан осылай бекіткен. Енді дініміздегі трансплантациялаудың шарттарын баяндайық. Донордың ауруына байланысты одан алынып тасталынған мүшені трансплантациялауға рұқсат етіледі; адам өмірі үшін маңызды болып саналатын жүректі трансплантациялауға тыйым салынады; донор адам беріп тұрған мүшесіне өзі қатты мұқтаж болмауы керек; дене мүшесін бергені үшін өзі донор іздейтін жағдайға жетпеуі қажет; жыныстық мүшелерді ауыстыру, жасару үшін, алмастыру үлкен күнә болып саналады. Міне, Ислам ғалымдарының рұқсат етіп, тыйым салатын негізгі шарттары осылай. Егер дінге қайшы әрекет жасайтын болсаңыз ауыр күнә арқалауыңыз мүмкін.
Шындығында, адам денесі Алланың нығмет қылып берген мүлкі және аманаты. Сондықтан ағзамыздың әр мүшесіне аса үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 58-аятында: «Негізінен Алла сендерге аманаттарыңды өз лайық орнына тапсыруларыңды әмір етті», – делінген. Ендеше осы аманатымызды аман-есен сақтағанға не жетсін.
Тағабай ҚАСЫМ