Жан-жануарлардан аю, қасқыр, сусиыр ыстыққа төзімсіз екен

 

Сапарға шыққандар мен ауыз бекіткендерге қиын болды дейді жергілікті халық
Сапарға шыққандар мен ауыз бекіткендерге қиын болды дейді жергілікті халық

Ми қайнатар ыстықта әсіресе, сапарға шыққан ағайын шын қиналды. Салқындатқышы жоқ теміржол вокзалында көлеңке іздеп сабылған жүрт жағдайдың жасалмағанын айтып ашынады. Есесіне зообақтағы жан жануарларға барынша жағдай жасалынып бағуда. 

Сапарға атанбақ болғандардың қолында желпуіш, қолтығында салқын су. Ауа температурасы 40 градустан төмендемей отырғанда салқындатқышы жоқ ғимарат іші тағы да бірнеше градусқа ыситыны белгілі. Сондықтан, жолаушылар амалсыз, шақшиған күн астында немесе іште терлеп отыруға мәжбүр.

Тұрғын: «Отырмыз күтіп, күн деген ыстық. Жолаушыларға жағдай жасамай ма? Кондиционер қойса болады ғой. Ауру адамдарға қиын болды».

Ғалымжан Бөлебаев, вокзал бойынша кезекші: «Терезені ашуға болады ма дейді. Іште кондиционер жоқ».

Жан-жануарлардан аю, қасқыр, сусиыр ыстыққа төзімсіз екен
Жан-жануарлардан аю, қасқыр, сусиыр ыстыққа төзімсіз екен

Бұрын-соңды болмаған аптап ыстық Шымкент зообағын мекендеушілерді де әбігерге түсірді. Әсіресе, аю, қасқыр, сусиырға қиын болды дейді мұндағылар. Сондықтан, аталған жануарлар күніне үш рет суға шомылады екен.

Мұхамадияр Байысбаев, жыртқыштар бөлімінің меңгерушісі: «Қасқырлар қыс мезгілін жақсы көреді. Түзде жүрсе, су табар еді. Мұнда біз көмектесіп жатырмыз. Күніне 4 рет су береміз».

Ми қайнатар ыстықта жануарлар тек суға түсіп қана аман қалып отыр. Ал синоптик мамандардың мәлімдеуінше, тым ыстық ауа райы қалада ертең де сақталмақ.