Осы жылдың шілде айында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына 7,5 мыңнан астам адам жүгінген. Республика бойынша көшбасында Оңтүстіктегі филиал тұр. Яғни, бұйымтайын билік партиясы арқылы шешушілердің біздегі көрсеткіші еліміз бойынша 17 пайызды құрапты.
Бұл демократиялық ұйымның өзара қорытқан сараптамасы. Ал халықтың бұл реттегі пікірімен жасалған қорытынды астаса ма? Жалпы, қоғамдық қабылдауға жүгінудің пайдасы қаншалықты? Осы сауалдар бойынша зерттеу жүргізгенді жөн көрдік.
Билік партиясының әр жұмада өткізген қоғамдық қабылдауы ығы-жығы, ренішті қалыптан айныған емес. Бірі жеке бастың қамындағы түйткілмен келсе, енді бірі мемлекеттен жетпей жатқан көмекке мұқтаж. Бұл кездесулер мен жүздесулер «Нұр Отан» партиясы үшін соңғы 8 жылдан бері таңсық іс емес. Билік пен халық арасындағы алтын көпір осы жер деп біледі өздері. Сондықтан да әлсізге болысып, әділетсіздікке орын бермес үшін, қажетті жауаптымен әрбір азаматты тікелей кездестіруге бар.
Екі жыл бойы жұмыс іздеп, табанынан тозғанның бірі Айжан Бердібекова. Қайда барса «көк қағазсыз» жұмысқа қабылданбайтынына көзі жеткен соң, соңғы үмітім деп — қоғамдық қабылдаудан бір-ақ шықты. Күйбең күйгелетіп жіберсе керек. Білікті мейірбике осы базынасын анау-мынау емес, облыс әкімінің орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының алдында жайып салды.
Айжан Бердібекова, шағымданушы: «Қайда бармайын, қаққан есігімнің барлығы да «сыйақы» сұрайды. Нақтысын айтсам, жұмысқа кіру үшін 380 мың теңге дәметеді. Бергім ақ келеді. Әке-шешемнің үйін кепілдікке қойып, несие алмақ та болдым. Бірақ құжат рәсімдеуде кедергі шықты. Мұндай жағдай барлық жаққа тән бе деп ойлаймын. Өйткені, Арысқа да бардым, Сарыағашқа да бардым. Нәтиже жоқ!».
Таңырқамаңыз, ақ желеңге оранып алып, асқан құлшыныспен жұмыс істеп отқан бұл азаматша — жоғарыда сөз еткен Айжан Бердібекова. Қоғамдық қабылдаудан соң Жұмағали Исмаилов оны осы емханаға зертханашы ретінде жіберіпті. Қуанышы қойнына сыймай жүр. Қуанбай қайтсін, екі жыл бойы көктен іздегені, жерден табылса.
Айжан Бердібекова, қала тұрғыны: «Ертеңнен бастап жұмысқа келесіз деп кеше. Осы емхананың главврачы айтты. Осындай жерге барасыз. Жұмысқа қабылдаймыз. Приказ шықты деп қолыма қағазымды берді. Жұмыстамын. Бүгін бірінші күн жұмысқа келдім.
— Айтыңызшы, қоғамдық қабылдауға бармағаныңызда бұлай жұмыспен қамтылуыңыз мүмкін бе еді?
— Мүмкін болуы да… Іздей берсең мүмкін болмайды ғой енді. Может, Исмаиловтың өзі қабылдап, өзі неқылғаннан кейін жұмысқа кіріп кеттікпе деп отырмын. Жұмыс іздеп жүргендерге айтарым, барып сөйлессін, чем әр есіктің алдын қағып, әр есікке кіргеннен көрі».
Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Тұрлыбай Сейдуәлиевтің сөзінше, келіп түскен арыз-шағымдардың ішінде нақ осы жұмыспен қамту мәселелері оң шешімін тезірек табады екен. Онан кейінгі орында — алимент өндіру жәйттері. Ал көптен бері реттелмей келе жатқан саланың бірі бас жоспарға сәйкес берілмей жатқан жер даулары дейді. Сондай-ақ, құқыққорғау саласына қатысты проблемаларға билік партиясының да тісі өтпейтін болып шықты.
Тұрлыбай Сейдуәлиев, «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Ішкі жұмысына олардың араласуға біздің құқымыз жоқ. Біз қоғамдық билік партиясы, қоғамдық бірлестікпіз. Сондықтан да біз оны бірінші тыңдап, жақсылап, кеңес беріп, кеңеспен шешілетін болса, жоқ дер кезінде телефон арқылы шешілетін дер кезіәнде мәселелер бар. Ал енді сондай күрделі мәселелер болса, қағазға арызын қабылдап, тиісті құқыққорғау, оның ішінде прокуратура, ішкі істер, одан кейін мынау қаржы полициясы, сол не бойынша хат жолдап, соның шешілуін бақылауда ұстаймыз».
Өткен жеті айда «Нұр Отан» партиясына төрт жарым мыңнан аса арыз-шағым келсе, соның көпшілігі құқыққорғау саласына қатысты. Заңмен өлшеніп, сотпен бармақ басылмаған іске нүктенің кеш қойылуы арызданушылардың да демократиялық партияға деген сенімін азайтып жібергені рас дейді өкілдер. Десе де, шешіліп жатқан іс бар екенін айтады мұндағылар. Бірақ оның өзі некен-саяқ.
Тынышгүл Жанқараеваның үйі мен жұмыс орнына екі рет ұры түскен. Тынышгүл апайдан қазір тыныш кеткелі 3 жылға таяды. Баукеспелер табылмай-ақ қойды. Құзырлы орыннан пәрмен болмағасын, кейуана халықтық партияға келуді ұйғарса керек, бірақ еткені еш кетіпті.
Тынышгүл Жанқараева, шағымданушы: «Нұр Отанға» 3 рет бардым. Бір рет қана қабылдандым. Сол қабылданғаннан кейін, толк болмағаннан кейін қайтып мен барған жоқпын. Потому что, сол жерде отырған бір-екі әйелдер айтты, әуре болмаңыз жүріп деді. Біз уже 10-шы рет келіп жатырмыз дегеннен кейін, уақытымды алмайын, бостан-босқа әуре боп, көрінгенге жексұрын боп деп бармадым».
Тұрлыбай Сейдуәлиев, «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Енді барлығының мәселесін шеше береміз деп айта алмаймын. Негізгі кейбір мәселелер, халқымыздың, қалай айтсам екен, сауатсыз деп айтсам болмайтын шығар, барлығын өткізіп алады. Сөйтеді де, барлық нәрсе болып, бояуы сіңіп, уже шешілмейтін жағдайға келген кезде Нұр Отанға келіп, сол күні, сол моментте шешіп бер дейді. Осы бойынша бізде аптасына 3 мәрте, әділет департаментінің қызметкерлерімен, сосын тәуелсіз заңгерлермен кеңес беру жұмысчтары жүргізіліп, дер кезінде шешімін тауып, алғысын айтып жатқан азаматтар өте көп».
Алғысын айтып жатқан азаматтардың көбейгені, әрине, көңіл қуантады. Десе де, басыңыздың бәлекетке шатыспауы үшін заңды біліңіз дейді билік партиясының атқамінерлері. Өйткені, болары болып, бояуы сіңіп қойғаннан кейін ғана қоғамдық қабылдауға арыз арқалап келеді екен біздің жерлестеріміз. Облыстық филиал сараптаған санамаққа сенсек, келіп түскен арыздардың 55-60 пайызы оң шешіліп жатыр. Бұл нәтиже аз ба, көп пе? Оны сіздің ойталқыңызға қалдырдық, оқырман!