«Батыр» сөзін естігенде Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыз еске түседі. Әрине олар нағыз батырлар. Дегенмен тәуелсіз еліміздің ашық аспанының астында, бейбіт күнде де ерлік жасап жүрген батырларымыз бар. Олардың көбісі еленбей қалып жатады. Олай дейтін себебіміз, жуырда Талғат Иманқұлов (суретте) жолдастарымен бірге өзенде шомылып жүріп, ажал құша жаздаған 7 жасар Жаснұр Жасұланұлын құтқарған.
— 8 шілде күні сағат 16-17-лер шамасында Шаян өзенінің терең жеріне жолдастарыммен шомылуға барған болатынбыз. Суға түспей жатып Әлібек (Абдуллаев авт.) су бетінде жатқан кішкентай баланың денесін көрді. Қанат досым жедел киімімен суға қойып кетті де, тұншыққан жанды жағаға шығарды. Сосын бәріміз балаға алғашқы көмек көрсете бастадық. Нұрғали (Бердібеков авт.) тізесіне қойып ішіндегі жиналып қалған суын сыртқа шығарды. Баланың ерні көгеріп кеткен екен. Одан кейін мен тілін тартып, аузына үрлеп, жасанды тыныс алдырға тырыстым. 4-5 рет үрлегеннен кейін бала дем ала бастады. Осы тәсілді 10 мәрте қайталап, әбден өкпесін қалдық судан тазарттым. Сосын бәріміз жиналып баланы дереу ауруханаға апардық. Айтпақшы тұншыққан баланың қасында екі досы болған. Бірақ олар болған жайды көріп тұрып, айтуға қорқып қалған,- дейді кейіпкеріміз.
Бұл оқиғадан соң бала аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде екі күн жатып, палатаға шығарылды. Қазір Жаснұрдың денсаулығы қалыпты жағдайда. Ата-анасы «енді өзенге бір өзін жібермеспіз» деп отыр. Әр нәрсенің алдын алған дұрыс. Бұл оқиғадан сабақ алып, ата-аналар кішкентайларын көзден таса етпеуі керек. Негізі ауылда балаларға арналған бассейн болғанда, балғындар өзен жағалап кетіп, «мұндай қайғылы жағдай орын алмас еді ғой» деген ой келеді.
Бағлан БАЛТАЕВ
Суретті түсірген М.САДЫҚБЕКОВ