16 жастағы оқушының ерлігі

164

Ордабасылық мектеп оқушысы ерлік жасады. 16 жастағы бала күн суықта көшеде адасқан кішкентай бүлдіршінді үйіне жеткізді. Ол өз жақсылығын қаһармандық деп санамайды. Ер жігіттің ерлігін ескеріп, полиция қызметкерлері марапаттады. Тіпті мектеп бітірген соң, әріптес болуға шақырды.

16 жастағы Әділет Әділеров көпбалалы отбасының тұңғышы. Ол күніге анасына қолғабыс етіп, іні-қарындастарына бас-көз болып жүр. Дүкенге шыққан ол көшеде жалғызсыраған қызды көріп, адасып кеткенін бірден түсініпті. Кейін еш ойланбастан көмекке келдім дейді.

Әділет ӘДІЛЕРОВ, тұрғын: «Мені анам дүкенге жұмсаған. Жол бойында жалаң-аяқ жүрген қызды көрдім. Ол біздің көршілердің қыздары емес екендігін бірден түсіндім. Көшеде өтіп-бара жатқандардан сұрап едім, ешкім тіл қатпады».

Оқиға Ордабасы ауданы Темірлан ауылында болған. Есік алдында ойнап жүрген екі жасар қыз көзден таса болады. Осылайша, бүлдіршін аула арасында жүріп, адасып кетеді. Үйін таппай жүрген қызға өкініштісі, Әділеттен басқа жан баласы мән бермеген.

Ата-анасы алып ұшып полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Бұрыш-бұрышты іздеген тәртіп сақшылары көшелерді толығымен аралап шығыпты. Куәгерлер табылып қалар деген ниетпен өткен-кеткендерден де сұрайластырғанымен еш нәтиже болмаған. Әділет мамандарға қызды тауып алғанын хабарламайынша, ата-анасының бойындағы үрей сейілмеген.

Әділет ӘДІЛЕРОВ, тұрғын: «Алдымен тауып алған қызды үйіме алып келдім. Тоңып қалған соң, жылы жерге ертіп, тамақ бердім. Одан кейін Полция бөлімшесіне ертіп бардық. Сөйтсек ол жақта қыздың ата-анасы іздеп жүргенін білдік. Мен өзімді ерлік жасадым деп айта алмаймын. Бастысы балаларға жақсы көңіл бөлу керектігін түсінемін».

Жергілікті полиция бөлімінде ер жігіттің жасаған ерлігін мадақтап, «Алғыс хат» табысталды. Мамандар ерлік жасаған оны болашақта полиция болуға кеңестерін берді.

Ғалымжан ҚУАШБАЕВ, Түркістан облысы Ордабасы АПБ бастығы: «Бізге сол күні 2 жастағы қызым жоғалды деп тұрғындардың бірінен шағым түскен. Біз бригадалармен жоғалған қызды іздеуге шығып кеттік. Бірнеше уақыттан кейін баланы Әділет бөлімшеге алып келіп тұр. Ол жігіт жарады. Оның жасаған бұл қадамын елеп, «Алғыс хат» бердік».

Мәліметтерге сүйінсек, жылына хабар-ошарсыз кеткендердің 20 пайызы кішкентай балалар екен. Түркістан облысының Полиция департаментінің өкілдері тұрғындарға әркім өз балаларын мұқият қадағалап отыруы тиіс екенін тағы да ескертеді.

Нұрлан Сұлтанбек