Арнайы отырыс

Мақтарал ауданындағы балалардың 50 пайызы сауатсыз. Себебі ауданда кәмелет жасқа толмаған балалар білім алудың орнына қара жұмысқа жегілген. 2011 жылы «Сандж» республикалық зерттеу орталығы осылай деп тұжырымдаған еді. Жаға ұстатар көрсеткішті жою үшін арнайы комиссия құрылып, облыстық балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқармамен бірлесе жұмысқа белсене кіріскен. Өкінішке орай әзірге бұл комиссия тек жиын өткізумен ғана шектеліп отыр. Осындай бір кезекті отырыста үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен қатар біз де қатысып қайттық. 

Балалар құқықтарын қорғау  комиссиясының кезекті отырысы өтті
Мақтарал ауданында балалар құқықтарын қорғау комиссиясының кезекті отырысы өтті

Мақтаралда балалардың белшеден бейнетке батып жұмыс істеп жүргенін ауданға кіре берістен-ақ байқауға болады. Кәмшат Қабылан таңсәріден қара кешке дейін көше бойын күзетіп, көкөніс сатады. Жыл сайын ерте көктемде қызанақ пен қияр егуден қолы босамайтын қыз өнім піскен соң осы шаруасына кіріседі. Жұмыссыз ата-анасына қолғабыс болғысы келетін жеткіншек мектепке қажетті дәптер қаламын өзі табуға тырысады.

Кәмшат Қабылан, оқушы: «Ата-анам жібереді. Шаршаймын, болады.  Күніне 1000 теңге табамын. Жасым 14-те».

– Слишком мынау жумысқа да салынып жатқан балалар мен онша көрген жоқпын. Бірақ енді ата-анасына бұл кісілер өте жақсы түсіндіріп, мына конвенция туралы түсіндіріп айтқандары көрініп тұрды.

Балалар еңбегінің алдын алу жөніндегі кезекті комиссияның отырысы әдеттегідей сыннан емес, өз жұмыстарына оң баға беруден бастау алды. Мамандар қағаз жүзіндегі айтулы нәтижелерді мүдірмей баяндауды да ұмытқан жоқ. Айтуларынша, ауданда тіпті мақта егіні мен жиын-теріміне де ешбір бала қатыстырылмайды. Ауыр жұмыстан алшақтатылған. Бір қызығы аталған комиссия құрамына ата-аналар тарапынан ешкім шақырылмапты. Сондықтан жиында олардың уәжін мектеп мұғалімдерді жеткізді

Гүлдана Барахатова, мұғалім: «Күйеуі паралиш та пенсияға шығайын десе, білмеймін қандай жағдайдрмен екенін шығарылмай жатыр да, диагнозын бермейді. Қанша жерге документтерін тапсырған, оның бәрін әкеп отырмын да мына жаққа. Сөйтіп осының 1 бала 2 қызы «поляға» шығады жазымен. Уже баласын 9-дан кейін оқытпаймын деп жатыр, жұмысқа шығарамын дейді. Ойткені үйді бағатын ешкім жоқ».

Біз тек балалар құқығын қорғаймыз дегенді тілге тиек еткен облыстық балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма басшылығы қайта әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға айыппұл салу ғана – балаларды ауыр жұмыстан құтқарады деп бір-ақ қойды.

Ғалия Жүсіпова, ОҚО Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы : «Ата-аналарға айыппұл салынады, айыппұл 5 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткіш аралықта. Шамамен есептегенде 10 мың теңге көлемінде. Бірақ кез келген уақытта баласы еңбек етіп жүрген ата-анаға 10 мың теңгеден қалтасынан шығарып төлей беру де оңай емес. Сондықтан ата-аналар алдағы уақытта балаларын ауыр еңбекке жекпеуге ойлану керек деп ойлаймын».

«Жығылғанға жұдырық» әдісі мәселені шешеді деп отыр мамандар. Ал қазірдің өзінде бір ғана Мақтарал ауданының 5 аулынынан балалар еңбегінің ауыр түрі бойынша жұмыс істеп жүрген 150 мектеп жасындағы жеткіншек тіркелген. Осы ауданда мақта өніміне тиесілі 23 мыңнан аса шаруақожалық бар екенін ескерсек, күзгі терімнің қайнаған жұмысына балалардың араласуы әбден мүмкін.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=6k8YEJTPheY[/youtube]