«Елге келсем, жылап қайтам»

Камал Ормантаев,  академик
Камал Ормантаев, академик

Есімі алты алашқа жайылған ғалым, балалар хирургиясының негізін қалаушы Камал Ормантаев Оңтүстікке келіпті дегенді естідік. «Сарыағаш» шипажайында демалып жатыр екен. Естідік те, жолығып, саулық сұрасуға асықтық.

Академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал Ормантаевты білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Қазақ қана емес, шет елге де ардақты ісімен аты шыққан азамат қой. Биыл 77-ге келіпті. Әлі де тың. Медицина академиясында балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, кеңесші қызметін атқарып жүр екен.

– Оңтүстікте 3 млн халық болса, оның 33%-ы балалар. Бала өлімінің көрсеткіші де жоғары мұнда. Мен осыған алаңдаймын, – деді. Ана мен бала денсаулығы бойынша талай жерде дәріс оқып, салауатты ұрпақтың ертеңіне үнемі алаңдаушылық танытып жүрген академиктің астарсыз ойы ә дегеннен-ақ айқын еді. – Тәуелсіздігімізге 21 жыл толды. 21 жылда 10 министр ауысып, денсаулық сақтау саласының астаң-кестеңін шығарды. Көп нәрсені құртты. Жойды. Реформалар өзгерді. Жасалып жатқан көп тірлікке күмәнмен қараймын. Реформаның көптігі қоғамға қауіпті. Әрбір қадам асықпай жасалуы тиіс. Қорытып, саралап барып сол баяғы реформаны енгізсе, қазақ медицинасы әлдеқашан биіктен көрінер ме еді деген ой түйемін бұл күні.

Тәуелсіздігімізге 21 жыл толды. 21 жылда 10 министр ауысып, денсаулық сақтау саласының астаң-кестеңін шығарды. Көп нәрсені құртты. Жойды.

Кеңес заманынан бері талай реформаны көріп, талай бастаманың куәгері болған Камал Сәруарұлы бүгінгі кемшіліктерді бүкпесіз айтып жүрген азамат. Сол үшін де көп басшыға жақпады. Медицинаны өмірінің өзегі деп білетін ол ардақты ісіне бала күнінен-ақ құмартыпты.

– Мен әке-шешемнің жетін­ші баласымын.Қызылорда облысы Қар­мақшы ауданының Калинин колхозында 1936 жылы 11 қыр­күй­ек­те дүниеге келгенмін. Шешем маған жүкті кезінде балгерге көрініпті. Әлгі тәуіп шешеме ұл туасың, бұдан кейін тағы бір ұл болады. Ішіңдегі перзентіңе Камал деп ат қой, екіншісін Самал деп атаңдар деген екен. Разы болған шешем, әлгі балгерге қолындағы барын беріп, шығарып салыпты. Ол кезде не бар дейсің, өздері жартылай аш. Өзім бақсы-балгер дегенге өмірі сенген емеспін. Бірақ анама бал ашқан әлгінің сөзі тура келіпті сол жолы, – деп жымиды Камал аға.

Жүрегім ауырады. Қаймана қазақтың бүгінгі тірлігін көріп қиналам. Өзінен басқаны көрмейтін басшылар көп қазір.

Өз замандастары сияқты бала Камал да көп қиындық көрді. Жоқшылықтың да, соғыстың да ызғарын сезініп өсті. Алғашқыда сабаққа деген зауқы болмапты. Себебі мектепке баратын балалардың дені өзінен 2-3 жас үлкен еді. Оның үстіне бойы қысқа, тым арық әрі нәзік бала болатын.

– Әкем 1941 жылы қыркүйекте соғысқа кетті. Мен 1942 жылы мектепке бардым. Арада бір жарым жыл өтті. Әкем жарақаттанып, елге қайтты. Сол кезде мұғаліміміз менің са­бақ­қа дұрыс қатыспайтынымды, оқымайтынымды айтыпты әкеме. Бірақ әкем жанымды алып, ұрысқан жоқ. Тек «Балам, оқы­ма­саң адам болмайсың ғой» деді. Қабағы қатулы еді. Сол сөзден кей­ін-ақ саба­ғым­ды жақсы оқып кеттім. Интернатта оқып, 1953 жылы мектепті үздік тәмамдадым.

Атағым көп. Абыройым да бар. Бірақ, сөзім өтпейді ешкімге. 

Дәрігерлік қызметіне де жол көрсеткен әкесі еді. Өзінен бұрын туған апа-ағалары жастайынан шетінеп кеткен соң, әкесі «сен осы балалар дәрігері болсайшы» деген ұсыныс айтыпты. Онсыз да «бала неден өледі?» деген сауал қиялын көп шарлайтын. Әкесінің кеңесі мақсатын қамшылап, ару қала Алматыға әкеледі.

Байлығы – ауруынан айыққан 13 мың бала, үмітін ақтаған 130 шәкірт. Қандай да бір іске кіріспес алдын, адал шәкірттері ағаның кеңесін алады. Нақты іске нақты баға беретін де өзі. Ол – бай адам. Мамандығына адалдығымен де бай
Байлығы – ауруынан айыққан 13 мың бала, үмітін ақтаған 130 шәкірт. Қандай да бір іске кіріспес алдын, адал шәкірттері ағаның кеңесін алады. Нақты іске нақты баға беретін де өзі. Ол – бай адам. Мамандығына адалдығымен де бай

– Ауылдан 13 бала болып Ал­маты медициналық институтына келдік. Сол он үштің ішінде оқуға түскен жалғыз мен болдым. Ол кезде орысшамыз жетісіп тұрған жоқ. Сонда да орыс тілінде шығарма жаздырды. Сөйтіп, ол емтиханнан «3» алдым. Ал басқа пәндерден жақсы тапсырып, не керек медициналық академияның студенті атандым ғой. Біз күні-түні сабақ оқыдық. Бос уақыт деген болмайтын. Ғылыми үйірмелерге қатыстым. Оқыған сайын өз мамандығыма деген қызығушылық арта түсті. Содан болса керек, екінші курста-ақ үздік студенттердің қатарына қосылдым. Осы көштен қалып қоятындай бәріне үлгеруге тырысып бағатынмын. Ширақ жүретінмін,-деп сабақтады сөзін.

Ғалым болу оңай емес. Қыжырлы қайрат, таудай талап, жасымас жігер керек. Ұстаздары да қатал әрі талапшыл еді. Сол кісілердің көңілінен шыққан жас Камал балалар хирургиясы бойыншы докторантураға жолдама алады. Міне осылай, оның қазақ медицинасына қосар ерен еңбегі бастау алған-ды.

Күйіндіретіні, қазір қаржыны босқа шашамыз. Мысалы, Астана қаласында халықаралық форум­дар, түрлі жиындар жиі өткізіледі, ол үшін қомақты қаржы жұм­са­ла­ды. Әлемге атымызды осылай танытамыз. Ал білім-ғылымымызбен, озық тәжірибелі медицинамызбен танылуға болмай ма? Не ысырап бұл?

– 1980 жылы Ананы және балаларды қор­ғау институтына (қазіргі Пе­диатрия және балалар хирургиясы институты) директор болып та­ғайындалдым. Сол қызметте жүріп, Қазақ­стан Компартиясының бірінші хат­шысы Дінмұхамед Қонаевтың қа­былдауында болдым. Мені жылы шыраймен қабылдап, саладағы кемшіліктерді сұрады. Ол кезде ана және балаларды қорғау институты жартылай барак типтес ескі үй, еңсені басып тұратын және айналасында дұрыс қоршау да жоқ, маңайындағы жер үйлермен араласып кеткен, көзге қораштау көрінетін. Тап осы жолы бар жағ­дайды жайып салмаса, кейін кеш болатынын сездім. Айттым. Қолдады. Көп ұзамай шешім шыға­рып, институт жаңа ғимаратқа кө­шірілді. Біздің қазақ халқының тари­хында Димекеңнің орны да, жөні де бөлек кісі ғой,-деді Камал аға ауыр күрсініп.

– Осы күні өзінің қара басын ғана ойлайтындар көбейіп барады. Ел жаққа, Қармақшыға барып тұ­рамын. Жұмыссыздық көп. Оқу­дың өзі ақылы. Бір баланы оқыту үшін пәленбай ақша керек. Көп бала өз үйінде май жемейді. Шай мен нан. Тұрмыс нашар. Тұрмыс нашар үйде қандай денсаулық болады? Қазір халықтың 45-50 %-ы ауылда тұрады. Ауылда тұрады деген аты ғана. Ауылшаруашылығы сала­сы құлдырап барады. Өзіміздің қазақ оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығысты мекен­деген. Ал Орталық Қазақстан, сол­түс­тікте көбіне өзге ұлттар қоныс­танған. Ол жақтың жері де жақ­­сы, қара топырақты. Ал енді ойлай беріңіз. Кімнің жағдайы жақсы? Сондықтан ауылшаруашылығын дамыту керек. Ауыл болмаса қала да болмайды. Ішім-жем де оңбайды. Болашағы жоқ аудандарды көшіреміз дейді. Ал олар «Әке-ше­шеміздің жатқан жерінен кетпей­міз» деп табандап отыр. Осы мә­селенің оң шешімін ойласты­руға тиіспіз. Кеңес Одағы кезінде артта қалған аудандарда тұра­тын­дарға ерекше көмек беретін. Мүм­кін, сондай бір жолдарын қарас­ты­ру керек шығар деп ойлаймын. Елге барсам жылап қайтам. Жүрегім ауырады. Қаймана қазақтың бүгінгі тірлігін көріп қиналам. Өзінен басқаны көрмейтін басшылар көп қазір. Не жеймін, не ішемін демейді. Бар жағдайды өздерінің ыңғайына бұрып алған. Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман дей ме? Дәл сол жаманыңыз мен болдым бұл күнде. Турасын айтам. Осыным арқылы көп басшыға жақпай жүрген жайым бар. Атағым көп. Абыройым да бар. Бірақ, сөзім өтпейді ешкімге. Пайдасы жоқ атақтың,-деп қолын сілтеді де, терең ойға шомып кетті тағы да…

«Мен меду­ни­верситетте педиатрия факультетін жауып тастағанына үзілді-кесілді қарсымын».

– Кеңес заманы, компартия келмеске кетті. Қазір тәуелсіздігімізге тәубе айтамыз. Бірақ ойлана келсек, сол компартияның жақсылығы көп болды ғой. Ол кезде қазіргідей «олигархтар» болған жоқ. Халықтың көпшілігінің тұр­мыс ахуалы бір деңгейде еді. Жұмыссыздық деген де болған жоқ. Күйіндіретіні, қазір қаржыны босқа шашамыз. Мысалы, Астана қаласында халықаралық форум­дар, түрлі жиындар жиі өткізіледі, ол үшін қомақты қаржы жұм­са­ла­ды. Әлемге атымызды осылай танытамыз. Ал білім-ғылымымызбен, озық тәжірибелі медицинамызбен танылуға болмай ма? Не ысырап бұл? Шетелден келген қонақтарды асырауға кеткен ақшаның бәрін демеймін, жартысын ауылды көркейтуге жұмсаса жағдай оңалар еді-ау! Әй, бірақ қайдам…

Осы тұста елдің өзекті мәселесін тілге тиек етіп, тақырыптың шетін шығардым. «Педиатрия факультетін қайта ашу керек деп жүрсіз, оны да тыңдайтын құлақ бар ма?»,- деймін Камал ағаның мұңды жүзіне бір қарап.

– Педиатрия- медицинаның ең ауыр саласы. Бала өзінің ауырған жерін айта алмайды, оған диагноз қою үшін ең заманауи аппарат қажет. Аме­риканың Сан-Франциско қала­сында болғанымда 1 жастағы бала­ның дертін анықтау үшін үш ап­паратты қатар қойғанын көр­дім. Үшеуі бірдей көрсетіп тұрса ғана қойылған диагноздың дұрыс болғаны. Біреуі дұрыс көрсетпесе, оның орнына басқа аппарат қоя­ды. Ал бізге аппараттан бұрын білімді дәрі­­герлер керек. Алматы ме­д­универ­ситетінде педиатрия фа­куль­­тетін жауып тастағалы 6 жыл болды. «Жалпы дәрігер дайын­даймыз» дейді. ТМД-да Педиа­трия факультетін тек қана біздің елі­мізде жапты. Украина, Қырғыз­стан, Беларусьте де жауып еді, екі жылдан соң қайта ашты. Ресейде, Өзбекстанда тек қана педиа­тр­ларды дайындайтын медициналық институт бар. Негізі, бала дәрігері боламын деп талаптанатындар көп. Көбі қыз балалар. Қазір кемтар туатын балалар көп. Балалардың түрлі ауру­лары асқынып, көбейіп бара жат­қаны байқалып отыр. Әсіресе ішек-қарын аурулары көп балада. Тіпті рак та жас нәрестелердің бойында жиі кездесетін болды. Бұл жақсы өмірден бе? Мына отбасылық дәрігер дегенді шығардық. Отбасылық дәрігердің қызметі тек ауылда тиімді. Ал аудан орталығы мен қалаларда салалық, яғни жеке маман болуы керек. Қазір адамзат баласына тән 14 мыңнан астам ауру түрі бар. Жалпы медицина саласында 7-9 жыл оқыған бала осыншама ауру түрін емдеуді біліп шығуы мүмкін емес қой.

Иә, Камал Сәруарұлы бала десе елжіреп отырады. Естіген жұрт, Сарыағаш шипажайына да келіп, кеңес алады екен. Бірі баласының, екіншісі немересенің денсаулығын айтып алаңдайды. Жүрегі кең Камал аға барлығына салихалы сөз айтып, тиімді кеңес айтып отырады. Мамандығына адалдықтың белгісі осы дерсіз.

– Мен меду­ни­верситетте педиатрия факультетін жауып тастағанына үзілді-кесілді қарсымын. Шенеуніктер шетелге барып келіп, солардан көргенін істегісі келеді, олардың 100-150 жылдық тәжірибесі бар, балалар медицинасы әбден қалыптасқан. Қазіргі таңда елімізде 6000 дәрігер жетпейді. Себебі бұрын 6 жыл оқитын да, дәрігер болып кететін. Қазір 7 жыл оқиды, содан кейін педиатр болу үшін тағы 2 жыл, ал хирург болу үшін 3 жыл интернатурада оқиды. 10 жыл оқып, институт бітірген адамға 45 мың теңге жалақы береді. Институт бітірген кез­де оның отбасы, бала-шағасы бо­лады. Осындай жағдайлардың кері әсерінен дәрігер азайып кетті, көбі басқа салаларға кетіп қалды. Мысалы менде оқыған 3-4 баланы білем. Жақсы оқыды, болашағынан зор үміт күттірген жігіттер еді. Қазір Алматының қара базарында сауда жасайды. Бұл да жақсы өмірден бе? Дәрігерлердің айлығын кө­бейту керек. Сонда ғана олар­дың жұмысқа деген қызығу­шылығы артады, – дейді Камал аға.

– Өз ұрпағыңызда дәрігерлікті таңдағандар бар ма?-деймін әңгімені отбасы жайына бұрып.

– Үлкен ұлым ғы­лым докторы, балалар хирургі. Астанада жұмыс жасайды. Одан екі немере сүйдім. Бір немерем жа­қында тұрмысқа шықты. Екінші қызым да дәрігер-дерматолог, ме­дицина ғылымдарының кандида­ты, жеке клиникасы бар. Одан туған немерем де ер жетті, қазір шетелде оқиды. Жарым Роза Қасқыр­қызы­ның да мамандығы дәрігер. Жеке фармацевтикалық компаниясы бар. Екінші ұлым Сыртқы істер минис­трлігінде қызмет етеді. Қызым Қазақ-британ университетін үздік бітіріп, одан кейін Лондонда оқып келді. Қазір «ҚазТрансОйл»-да жұмыс жасап жатыр. Олар әзір­ге отбасын құруға асығатын емес. Өзім зейнеттегі қызметкермін. Жұмыссыз отыра алмаймын. Анда-санда осылай ел аралап, демалып жүретінім бар. Мұнда биыл келмес пе едім, оңтүстіктің баласы, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақов осында алып келді. Тынығыңыз, сергіңіз деп. Оған рахмет!

* * *

Камал ағамен сырласқан сағаттарда көп нәрсені ұғындық. Дүние, мал-мүлік жинауға емес, саналы ұрпақ, білікті маман дайындауға күш жұмсаған К.Ормантаев 130 медицина кандидаты мен докторын даярлапты. Байлығы – ауруынан айыққан 13 мың бала, үмітін ақтаған 130 шәкірт. Қандай да бір іске кіріспес алдын, адал шәкірттері ағаның кеңесін алады. Нақты іске нақты баға беретін де өзі. Ол – бай адам. Мамандығына адалдығымен де бай.

Ақмарал Алтынбекқызы