Көксарай су реттегішінің маңы көріктендіріледі. Егіске қолайлы аймақты тиімді пайдалану үшін Арыс қаласының кәсіпкерлік бөлімі инвесторларды тартуды бастады. Мамандардың сөзінше, суқойма маңына егін салып, тың жерлерді тиімді пайдалануға болады.
«Көксарайдың» маңындағы 7 мың гектар жердің 5 мың гектарын осы күнде кәсіпкерлер игеріп алған. Енді қалған екі мың гектарға бау-бақша егіп, өнімін алса, су реттегіштің аумағы жасыл желекке айналады.
Нұрлан Мұстапаев, Арыс қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы: «Бұл жерде 3 млрд-қа жуық ауылшаруашылығының өнімдері өндіріледі. 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны, 300-600 адам маусымдық жұмысқа тартылады, егіске. Сонымен қатар 35-40 млн. жергілікті бюджетке салықтар түсіп тұратын болады».
Арыстықтардың бұл жобасы өңіріміздегі «Ордабасы құс» фабрикасының оң жамбасынан келсе керек, аудан әкімдігі мен серіктестік басшылығы ортақ меморандумға қол қойып, Көксарайдың 1 мың гектар жерін пайдаланатын болып келісілді.
Нұржан Әлтаев, ОҚО Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры: «Келісімге сәйкес, Көксарай маңынан құс фабрикасының үшінші бөлігі салынбақ. Және сол маңда құстар үшін жүгері алқабы болады. Яғни, бұл дегеніңіз бір оқпен екі қоянды атып алу. Жалпы, жобаларға инвесторлардың белсенділігі жоғары. Бұл бізді қуантады».
Арыс қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары енді Көксарайдың инфрақұрылымын реттеуге кіріседі. Жоспардағы бүкіл жобалар жүзеге асса су реттегіштің аумағында бос жатқан жер қалмайды. Ал су қоймасына жиналатын судың әр мезгілдегі көлеміне бұл көріктендіру кедергісін жасамайды екен.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=wnZjH_tj6gE[/youtube]