Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірден өткеніне биыл 65 жыл. Балуан бабаның есімін бүгінгі ұрпақ дәріптей алып жүр ме? Көбіне көңіл жабырқатар жауап естисің. Тағы бір түйткіл. Жауырыны жерге тимеген палуан атамыздың оңтүстіктегі кесенесі мемлекет қорғауында бола тұра тозып барады.
Ол аз десеңіз, Қажымұқан Мұңайтпасов атамыздың ескерткішіне Астанадан орын табылмай отыр. Елорданың 15 жылдығына арнайы тапсырыспен жасалған мүсін Шымкенттегі жер үйлердің бірінің ауласында тұр. Ал, кесенесі арам шөпке толып, климаттың қыр мінезінен мүжіле бастаған. Тарихи ескерткіш өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мұхтар Әуезовтің мұрындық болуымен бой көтерген-ді. Мемлекет қорғауына алынғанымен, күні бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген кесене балуан ұрпағының қамқорлығының арқасында ғана құламай тұр.
«Сол 1965 жылы салынғаннан кейін, ешқандай күрделі жөндеу көрген жоқ. Жауын-шашын, қар, су, жел бар, шаң-тозаң бар, осының бәрі кесененің төбесінен бастап шірітіп, бетондардың арасынан су сорғалап тамшылайды. Осындағы ағайындардың, немерелерінің сырлауымен әлі күнге әупірімдеп сақталып келеді», – дейді палуанның немересі Нұрлан Қажымұқан.
«Қажымұқан» қоғамдық қорындағылар бұл мәселені жергілікті билікке жеткізгеніне үш жыл болған. Содан бері Ордабасы ауданында үш әкім ауысыпты. Барлығы да құрғақ уәдеден әрі аса алмаған. Көзге көрініп тұрса да, жергілікті билік жыл сайын жөндеу жүргізіп жатырмыз деп міз бақпайды.
Күш атасының атындағы қоғамдық қор ішінде саябақ, мұражай, қонақ үйі бар жаңа кесене салуды жоспарлапты. Алайда әлемге аты мәшхүр палуанға қазақ даласынан бір жапырақ жер бұйырар емес. Астананың былтырғы мерейтойына арнайы тапсырыспен жасалған білекті бабаның ескерткіші де өз орнын таппай тұр. Соңғы технология бойынша жасалған Қажымұқан жәдігері Бас қалаға бармай, оңтүстікте қалып қойған.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Елбасының қатысуымен өтетін Астана құрылысы мәселелері жөніндегі кеңесте бұл ұсыныс қаралу керек болатын. Дегенмен, сол наурыздан бері Елордадан еш хабар болмапты. Тамыздың 16-сында Қажымұқан атамыздың дүниеден озғанына 65 жыл толды. Тым құрыса осы дата қарсаңында ресми органдар оңды шешім шығарар деп үміттенген еді қоғамдық қор мүшелері. Әзірге, үнсіздік…
Жанар Есенбекова
Әлдібек СӘДІРМЕК, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:
– Биыл мамыр айында кесене ағымдағы жөндеуден өткізілді. Жылда жөндейміз. Сырлаймыз, халық-аралық турнирге келушілерден ұялмайтындай етіп ұстауға тырысамыз.
Серік ИБАДУЛЛАЕВ, «Қажымұқан» қоғамдық қорының атқарушы хатшысы:
– Бір жарым жылдай болды ескерткіш осы жерде тұр. Соны қоятын орынның мәселесін шешіп берсе ғой. Қалған шығынды қордың арқасында демеушілер арқылы бюджеттен бір тиын алмай жасаймыз. Ескерткіштің өзі балуан баба рухын ардақ тұтар қалталы азаматтардың арқасында 14 миллион теңгеге тұрғызылды.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=5PAXKxMYH60[/youtube]