Әділет департаменті сөзден іске көшті. Білек сыбанып, заңсыз өнімдердің жолын кесуге кірісті. Енді өнімді сатушы ғана емес, сол кәсіпкерге жағдай жасап отырған сауда орындарының иелері де жауапқа тартылатын болады.
Қалалық әкімдікте базар басшыларымен сауда орындарының иелерін жинап, арнайы жиын өткізген әділет басқармасы бірден түсіндірме жұмыстарын бастап кетті. Зияткерлік меншік пен авторлық құқықты қорғау ісіне қоғам болып атсалысуға шақырды. Соның ішінде, контрафактілі өнімнің жолын кесіп, сауда орындарына заңсыз тауарды кіргізбеуді сұранды.
Салтанат Нұрымбетова, Әділет департаментінің бөлім бастығы: «Базар басшылары өздеріне тиесілі аумақтарда бірде-бір контрафактілі өнімнің сатылуына тосқауыл қоюы керек. Яғни ол контрафактілі дискілерден бастап, сауда жасайтын тұлғалардан азық-түлік өнімдерінде тиісті құжаттар болып, заңсыз өнімге жол бермеуі тиіс».
Басқа-басқа, базар басшылары талапты қалай орындамақ деген сауал қызу талқыға түсті. Бірі «базаркомдар» айтқанын жасатады десе, енді бірі базарда тәртіп орнауы мүмкін емес дейді.
Алайда, бұл талапты базар басшылары мүлтіксіз орындауға дайын екендерін жеткізді. Сауда орнының имиджі үшін, сапалы әрі сертификаты бар тауарды сатуын кәсіпкерге түсіндіру қиынға соқпайтын көрінеді.
Ерлан Асқаров, «Қырғы» базарының бақылаушысы: «Бүгін барлық контроллерлерге тапсырма берілді. Контрафактілі тауарлар сатуға тыйым салдық. Сатылған жағдайда штраф саламыз».
Болашақта базарлар контрафактілі өнімнен арыла ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=4g5plUyPAPc[/youtube]