Кеденшілер заңсыз алтын тасымалдаушыны ұстады

Тәркіленген алтынның құны 12 млн. теңгені құрапты
Тәркіленген алтынның құны 12 млн. теңгені құрапты

Шымкент кеденшілері құны 12 млн. теңгеден асатын контрабандалық алтынды тәркіледі. Өзбекстан азаматы алтын ұнтағын шекарадан жасырып алып өтпек болған. Бірақ оның құйтырқы әрекеті жүзеге аспай қалды.

Дегенмен, шекарашыларды өзбек азаматының қулығы таң қалдырған. Ол алтынды жол сөмкесінің тұтқаларына нығыздап салып алыпты. Осылайша құнды затты шекарадан алып өтемін деп ойласа керек. Оқиға Қапланбек кеден бекетінде болған.

Еркебұлан Дауылбаев, ОҚО КБД контрабандамен күрес басқармасының бастығы: «Тексеру кезінде күдікті азаматтың сөмкесінің тұтқасынан 5 целлофан қалтасына салынған ұнтақ табылды. Ол мұны Ресейдік Хабар өлкесіндегі зауытта жұмыс істеп жүрген кезінде жинағанын айтты».

Сондай-ақ шекарада улы заттар да тәркіленді. Шымкент тұрғыны Қытай елінен құрамында радиация мөлшері тым көп дәнектерді алып келе жатқан жерінен ұсталды.

Дәнектердегі радиация нормадан 10 есе көп болып шықты. Ол адам өміріне қауіпті. Тіпті шекарадан өткізу кезінде тексеру құралдарының дабылы бірден қосылған. Осының арқасында улы дәндер сол мезетте тәркіленді.