Жасыратыны жоқ, бүгінде ел арасында «Беташарда келіннің әруақтарға арнап сәлем салуы дұрыс емес екен», «қайтыс болған туыстарымыздың әруағына бағыштап шелпек пісіріп, тарату қате ұғым» деген көзқарастар жиі айтылып жүр. «Қазақтың салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының көбі Аллаға шек келтіреді» дейтіндер де аз емес. Шындығында солай ма?
Сіз не дейсіз?
Қазыбек Сұлтанбекұлы, Шымкент қалалық Абдул Хамит Хаттани атындағы мешітінің наиб-имамы:
– Дінімізде тағазим деген бар. Ол өлілерге құрмет көрсету. Ондағы мақсат өлген адамның артынан жаман сөз айтпау. Өйткені ол Алланың сұрағының алдында болуы мүмкін. Егер сіз жамандап, ол анандай еді, мынандай еді десеңіз, оның азаптануына сіздің сөзіңіз серік болып қалады. Мұсылман адамның дұғасын кейде Алла Тағалам қабыл етіп қояды. Сондықтан біз өмірден өткен адамның рухын мазаламауымыз керек. Лажы болғанынша Алладан кешірім сұрап, біліп-білмей істеген күнәләрін кешіре гөр деп, құран оқып, дұға тілеуіміз керек. Міне осыны Тағазим дейді. Сондықтан «ширк» дегенді басшылыққа алатындардың бұдан хабары болмаса керек.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, «Ырыс алды-ынтымақ» облыстық қоғамдық форумының жауапты хатшысы:
– Қазақ халқының, қазақ ұлтының өзіне ғана тән, ғасырлар сынынан өткен, ізгі де іргелі, өнегелі де үлгілі, озық әрі жаңашыл салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары бар. Олардың бәрі кең мағынасындағы мәдениет дейтұғын ұғымға кіреді. Таза текті, таза қанды, иманды қазақ ұлтының бұрмаланбаған, былғанбаған мәдениеті, яғни салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары ешқашан ширкке жатпайды. Қайта қасиетті Құранның, Пайғамбарымыз хадистерінің талаптарымен керемет үйлеседі.
Қазыбек Сұлтанбекұлы, Шымкент қалалық Абдул Хамит Хаттани атындағы мешітінің наиб-имамы:
– Зиярат мәселесі Исламда рұқсат етілген. Барасыз, көресіз, құран оқытасыз, қайтасыз. Зиярат етіп, құлшылыққа жаратымды жер – Мекке қаласындағы Әлхарам мешіті. Екіншісі – Меккедегі Мәди қаласындағы пайғамбарымыздың мешіті. Үшіншісі – Палестинадағы Акса мешіті. Осы үшеуіне барып зиярат етуге болатынын Алла Тағалам Пайғамбарымыздың хадисі арқылы рұқсат берген. Ал басқа әулие-әмбелерге тек баруға, көруге болды.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, «Ырыс алды-ынтымақ» облыстық қоғамдық форумының жауапты хатшысы:
– Зиярат етуді бұрмалап түсіндірудің, бұрмалап атқарудың қажеті жоқ. Бәрі мақсат-мұратқа, дін мен діл тазалығына байланысты. Егер кері ұғынып, кері және әрі-сәрі әурелеп түсіндіре берсек, көп нәрсені күдікті һәм күмәнді күйге түсірудің қитұрқы әдістері табыла береді.
Қазыбек Сұлтанбекұлы, Шымкент қалалық Абдул Хамит Хаттани атындағы мешітінің наиб-имамы:
– «Адыраспан пәлені, жаланы қуады екен» деген дұрыс емес. Адыраспан улы шөп болғандықтан, киіз үйлерде тұрған қазақтар құрт, құмырсқа, ауруларды соның көмегімен жойып, тазартып отырған. Ол кезде қазіргідей «дезинфекция» деген болмаған ғой. Негізінде адырас-панмен түтіндеткеннен гөрі, Құран оқу арқылы үйіңізді нұрландырыңыз.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, «Ырыс алды-ынтымақ» облыстық қоғамдық форумының жауапты хатшысы:
– Адыраспан − ежелгі сақ, түркі, т.б. ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінен, медицинасынан белгілі емдік өсімдіктердің бірі. Алла адамды асқан сүйіспеншілікпен жаратқан және оған дәрулік, дәрілік шөптерді де молынан берген. Абай айтқан өлшем мен мөлшер деңгейінде қолданса, айыбы жоқ. Адыраспанмен тазартып, «аластаған» күннің өзінде алаш баласы Алланы айтып, тек Алладан тілейді. Наурыз мейрамында да «аластап» тазаруды, Алла алдында кіршіксіз болуға ұмтылуды мақсат тұтады. Адыраспаннан да, «аластан» да шошынып, бездірудің қажеті қанша? «Ия, Алла тағала, шөптің шипасын бере гөр!» деп тілеу айып емес шығар. «Алас, алас» деп шайтанды қуады ғой. Алладан сұрап.
Қазыбек Сұлтанбекұлы, Шымкент қалалық Абдул Хамит Хаттани атындағы мешітінің наиб-имамы:
– Қазақта ешбір келін ата-енеге сәлем салу арқылы құлдық ұрмайды. Құлшылық деңгейінде иілу – ол басқа. Ал келіннің ата-енесіне құрмет қылып сәлем беруі бір басқа. Екеуінің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Мұны ары тартып, бері тартудың қажеті жоқ. Бұл ғасырдан-ғасырға келе жатқан мәдениеттің озық үлгісі. Ата-ене әрқайсысы орнын біледі. Келіннің бірінші қадамы сәлем салумен басталады.
Дүниедегі ең қайырлы нәрсе – келін үйге кіргенде «Бисмилләхир рахманир рахим» деп айтып, түбінде осы шаңырақта өсемін, өнемін, тастай батып, судай сіңемін деген ниет болса болды. Отқа май тамызу – Исламда жоқ. Пайғамбарымыздың хадисінде, мұсылманның амалынан ниеті қайырлы дейді. Сондықтан келін үйге шынайы ниетпен келсін. «Шаңырақтың шаттығын бұзамын, сол тиген күйеуді соңымнан ертіп кетемін» деген болса, 100 тонна адыраспан түтетіп, отқа 10 литр май құйсаңыз да, ол отбасының берекесі болмайды.
Отқа май тамызу – Ислам дініне дейінгі Шамандық ғұрыптың сарқыншағы. Отқа табыну. Оттың айналасында іс-әрекет жасау – мұсылман адамға жараспайды. Өйткені басқа діннің элементі кірді ме Ислам дініне, ол жерде Алла Тағала ақиқаты қалмай қалады.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, «Ырыс алды-ынтымақ» облыстық қоғамдық форумының жауапты хатшысы:
– Келіннің ибалы, иманды иілуі, сәлем салуы – ұлттық ұлағатты салт-дәстүрімізден қалыптасқан қасиеттер. Аллаға бас ию, намаздағы сәжде – олар мүлде жоғары, мазмұн-маңызы басқаша жағдаяттар. Аспанды жерге ұрмас болар.
Отқа май құю да – жүздеген жылдардан бері келе жатқан салт. Оны отқа табыну заманынан қалған, ширкке жататын жағдай деуге келмейді. Отты да, отын-суды да Алла Тағала жаратқан. Отбасы. Отағасы. Отанасы. Отау. Бәрі де қасиетке ие. «Отың өшпесін» дейді қазақ. Иесіз қалған үйді «оты өшті» дейді. Қара шаңыраққа алғаш кірерде келінге немесе күйеуге отқа май құйғызу – ғибратты ғұрып. «Отың берекелі, ошағың майлы, дастарқаның мол болсын!» деген арман-аңсардың белгісі. Бәрін де «Ия, Алла!» деп сұрайды қазақ. Алладан тілеп, нығметін өтініп, Құран оқып, бата беріп болған соң ғана, ғибратты ғұрып орындалады.
Мыңдаған жылдардан бері халықпен, ұлтпен бірге келе жатқан дүрри-гауһар дәстүрлердің, қасиетті ислам талаптарымен ғажап үйлесетініне талай-талай титан тұлғалар, имамдардың имамдары, діндарлардың діндарлары таңданған. Әлһамдулилла мұсылманбыз, бірақ біз қазақ мұсылманбыз. Біз араб, түрік, иран, күрді, татар, қырғыз немесе өзбек т.б. мұсылман бола алмаймыз. Қазақтың өзіндік өзгешеліктерін сақтаймыз. Ал қазақты таза ұлттық салт-дәстүрлерден бездіргісі келетіндердің түпкі мақсаты – таза тектен, тәрбиелі түбірден, тағылымды тамырлардан түбегейлі түрде ажыратып, ұлт ретінде тоз-тоз ету ғана. Оның арғы жағы түсінікті. Алла сақтағай!
Асқар СӘТПАЕВ