Жастар отбасын сақтап қалу үшін тренингтен өтеді

32

Енді отбасын құруға ниетті жастар арнайы сабақ алады. Астана мен Шымкент қаласында шаңырақ көтеру мен оны сақтап қалу жолдарын үйрететін тренинг өткізіліп жатыр. Қазірше пилоттық режимде қолға алынған жоба, келешекте ел жастарын толық қамтиды деп көзделген.

Шымкенттік ару Жаңыл Рысымбет үлкен өмірге аяқ басуды жоспарлап жүр. Сондықтан ол отбасын құру жолдарын көрсетуге негізделген тренингке қатысуды жөн көріпті. Сөзінше мұндай шаралар жастардың жан-жақты дамуы мен бір-бірін түсінуіне септігін тигізеді.

«Келешегім үшін, ертең отбасын құрғанда, келін болғандықтан не істеуге болады, не істеуге болмайды деген сияқты заттарды білу қажетпін. Осы тренинг бір отбасын құрайды десек болады. Зорлық зомбылыққа төзбеу, құқықтық сауаттылық сынды проблемалық мәселені көтеріп, содан шығу жолдарын көрсетіп жатыр», – дейді Жаңыл Рысымбет Шымкент қаласының тұрғыны.

Үйленуді көздеп отырған жұптар мен жас отбасыларға арналған шеберлік сабағы әзірге Шымкент пен Астана қаласында пилоттық режимде қолға алынды. Оның мақсаты өңірдегі азаматтарды жанұялық өмірге бейімдеу. Қаржылық сауаттылық пен эмоционалды интеллектті дамыту жолдарын меңгерген Арман Ақбердиев шымкенттік қыз-жігіттерге білген-көргенін айтуға келіпті. Оның сөзінше бір шаңырақ астындағы жандар балансты сақтай білу керек. Сонда ғана жарқын болашақтың есігі ашылатынын жеткізді.

«Адамдар бір-бірінің эмоционалдық жағдайын түсінбейді. Қандай жағдайда тұр екенін түсінбей жатады. Соны қазір оқытып, үйретіп жатырмыз. Бірінші өз эмоциясын түсініп алу керек. Яғни өзіне мен қандай жағдайда тұрмын деп сұрақ қою арқылы өзін түсінуге тырысады. Екінші басқа біреудің жағдайын түсіне білуі. Бізде әдіс бар. Егер саған біреу қатты сөйлесе, екінші кісі жәй сөйлесе, әлгі ашуланып тұрған кісі жәй сәйлей бастайды. Сондай әдістерді қазір ойын түрінде өтіп, практика түрінде көрсетеміз», – дейді дәріскер Арман Ақбердиев.

Отбасылық өмірді құруда қала тұрғындарының бірі ата-ана тәрбиесі маңызды десе, көпшілігі қазіргі жастарға өз тілінде түсіндірген дұрыс деп есептейді.

«Қазіргі жастардың ойы басқаша. Әлеуметтік желілерді көріп дамып кеткен. Оның үстіне қазір ата-ананың сөзін тыңдайтындар азайып барады. Сондықтан осындай тренинг керек деп ойлаймын»

«Ата-ананың тәрбиесі дұрыс. Басқа адамдар ата-анаң сияқты саған уайымдамайды. Сонсоң иманды отбасының тәрбиесі жақсы»

«Біз Кеңес Одағы кезінде өмір сүрдік,. Жоқтың-бардық қадірін білдік. Қазіргі жастар басқаша сол үшін сабақтар өткені дұрыс-ау»

«Ата-ананың тәрбиесі үйленгенге дейін керек. Ары қарай екеуі бір-бірін түсініп өмір сүру керек. Ары қарай өзгелердің тәрбиесі керек емес, үйленген жастар бір-бірін тәрбиелеу керек», – дейді қала тұрғындары.

Алайда көпбалалы ана, ардақты әжей тәрбие тал бесіктен екенін айтады. 40 жыл білім саласында еңбек еткен ардагер ұстаздың сөзінше әже мен ата мектебін көрген жан ешқашан артық қылыққа бармайды. Сонымен қатар отбасылық құндылыққа мән беретін болады деп есептейді.

«Табиғи тәрбиеге ештеңе жетпейді. Тренингтің жақсысы болады, жаманы болып қалады. Өз үйіңде салт-дәстүрді дәріптеп отырып тәрбие бергенге не жетсін. Ата жолымын жүрген жан адаспайды. Үлкендер көпті көрген, мәселе шешімін айта алады. Сонымен қатар анаң сияқты ешкім-ешкімге жаны ашымайды деп білемін», – дейді ардагер ұстаз Қалдыгүл Еспенбетова.

2017-2021 жылдардағы статистикалық мәліметке сүйенсек елімізде жылына орта есеппен 136 мың неке қиылса, оның 47 мыңының шаңырағы шайқалған. Неке бұзғандар көрсеткіші 34 пайызды құрайды. Сондықтан мамандар отбасын құрып қана қоймай, оны сақтау жолдарын үйретуді қолға алмақ. Қазірше офлайн форматта жүргізілген сабақ, алдағы уақытта барлық тұрғынға қол жетімді болу үшін онлайн режимде өткізіледі деп жоспарланып отыр.