Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Түлкібас аудандық білім басқармасы» МКМ Қазақстанның мемлекеттік сатып алу порталында мектеп кабинетінде пайдаланылатын интерактивті тақтаның әрбірін 14 млн 632 мың 143 теңге (95 мың доллар шамасында) сатып аламыз деп жариялап айда аспанға бір-ақ шығарды. Бұл жөнінде «Курсив» газеті жазады.
«Сұмдығы сол, интерактивті тақтаның құны Алматыдағы үш бөлмелі пәтердің бағасымен тең түсіпті. Ал оңтүстік астанада жылжымайтын мүлік бағасы шарықтап тұрғаны айтпаса да түсінікті емес пе?» деп жазады басылым.
Ескерте кететін бір жайт, газеттің жазуынша порталда жарияланған 15 миллион шамасындағы лотқа өтініш қабылдау 11 тамызда бастау алып, 31 тамызда тәмамдалуы тиіс болған екен.
Алайда, белгісіз себептерге байланысты үй құнымен пара-пар келетін интерактивті тақтаға тапсырыс беру кейінге қалдырылыпты.