Таскешуліктер суды құдықтан ішеді. Ауылдағы суы тұщы жалғыз құдық бар. 10 метр тереңдіктен шығатын судың өзі таза емес. Тұрғындар оны сүзгіден өткізіп, шөлдерін басуға мәжбүр.
Ауыл балалары тұщы су үшін таң сәріден кезекке тұрады. Алажаздай су тасып, үлкендерге қанағат болды. Жас болса да, ауызсудың тапшылығын жақсы біледі. ауыр болса да, шелектегі суды шашпай-төкпей үйлеріне жеткізуге тырысады.
Ерсұлтан Сақыпбек, 12 жаста: «Біз көршінің үйінен су тасимыз. Оның өзі таза емес. Қыста аяғымыз тайғанап, құлаймыз,жарақат аламыз. Ал жаздыкүні су тасумен күн өтеді».
Ащы құдыққа арнайы насос салып, үйіне су кіргізген Ұлтай апа жыл сайын құрылғыларын ауыстырады. тот басып, шіріп кете береді екен. Таскешуде 65-жылдан бері тұратын ол таза суды тасып, қалаберді сатып алып ішеді.
Ұлтай Оразымбетова, Таскешу ауылының тұрғыны: «Жұрттың көрген күнін көрсек. Бізде жұрт қатарлы таза су ішкіміз келеді. Адам қатарлы өмір сүргіміз келеді».
Құдықтағы құрттап кеткен судың жайын ауылдықтар талай көтерді. талай есікке телміріп, табалдырықты тоздырды. Оны тексеріп, халыққа жаны ашып жатқан бір адам жоқ деп күйінеді көпшілік.
Есен Әбдікәрімов, Таскешу ауылының тұрғыны: «Жеті-сегіз немерем бар. Соның бәрі сары аурумен ауырды. Бір балам қайтыс болды. Соның барлығын анализ жасап көргенде бәрі осы судан жұққан аурулар».
Сейсен Тілемейсова, Таскешу ауылының тұрғыны: «Бір құдығымыз бар. Сол жерде 4-5 адам ішеміз. Күзде ол тартылады, су болмайды. Ішінде мынадай-мынадай қызыл құрттар болады.Бала-шаға ауырмағанда қайтеді. Бізге су кіргізіп берсін».
Таскешу ауылы осыдан сезіз жыл бұрын Ленгір қаласының аумағына енген. 2007 жылы ауызсумен қамтамасыз ету үшін арнайы жоба жасалып, былтыр ауылға құбыр тарту жұмысы басталыпты. Оған халық қатты қуанып еді.
Сақыпбек Оразымбет, Таскешу ауылының тұрғыны: «Қалаға қарағанымызға 7-8 жыл болды. Қанша айқаймен бір жыл болды трубаны тастап кеткеніне. Бірақ су жоқ. Бұл халық не үшін шырылдайды? Денсаулықтары жоқ. Сол үшін шырылдап жүр».
Сол құрылыс жұмысы бірден тоқтап қалған. Құбыр жүргізілгенімен, толық аяқталмаған. Бірақ, қазылған жерлер бірден көмілген. Ал қала әкімі оның барлығы мердігердің жайбасарлығынан, солардың қателігінен дегенді алға тартты. Бізбен бірге қала әкіміне ере барған ағайын осы жауапты естіп қайтты.
Ордабек Абдукаримов, Ленгір қаласының әкімі: «Проекте тұр. Толығымен үймен-үй су бару керек. Сіздер құдықтап ішпес үшін, сіздердің денсаулықтарыныңды ойлағандықтан проекте бар. Құдай қаласа, биыл полрядчиктің сөзіне сенетін болсақ, биыл Таскешуде, Пятый ауылда, Эстаката да су береміз».
Жаңадан сайланған әкім мырзаның айтқанындай биыл бітетін ауызсу құбырының құрылысын байқау қиын. Мұнда қызып тұрған жұмыс көрмедік. Жыл соңына дейін 4 ай ғана қалды. Сондықтан таскешуліктер тасқұдықтан құрттап кеткен ащы суды енді ішпейтініне сенім аз.
Ордабек Абдукаримов, Ленгір қаласының әкімі: «Бір-екі айдың ішінде сіздерге су береді, сәл шыдаңыздар. Бұрында шыдадыңыздар ғой. Қазір дұрыс, сіздер айқайлаңыздар, ұрысыңыздар. Бүгін ертең берем деп айта алмаймын».
Әкімнің уәдесін арқалап тұрғындар тағы кетті. Жыл соңын күтеді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jRkEG-Kj-qU[/youtube]