Қараспанда жеті елді-мекен таза ауыз суға жарымай отыр

553

Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округінде 7 елді-мекеннің халқы таза ауыз суға жарымай отыр.

Соңғы есепті жиындарда жиі көтерілген мәселе болғандықтан, Қараспан ауылының ауыз су қорын зерттеуге облыстық бюджеттен 22 млн. теңгеге жуық қаржы да бөлініпті. Су қоры жеткілікті екендігі анықталса, су мұнарасының құрылысы келер жылы басталады дейді атқа мінерлер.

Қараспан ауылындағы тұрғындар суды қолдан жасалған қондырғы-піспек арқылы тартып алады. Қуатбековтер отбасында суды тасу міндеті Нұрасылға жүктелген. Жағдайы бар көршілері жер астындағы суды қозғаушы арқылы үйлеріне кіргізіп алған.

Ауылдың төбе биі Ақарыс Бекұлы «Таза су» бағдарламасына үміт артқан едік, ол да аяқталып, сапалы суға жеті-сегіз жыл болды жарымай отырғанымызға» дейді.

Ақарыс Бекұлы, Қараспан ауылының төбе биі: «Мотор қойып кіргізіп алғанымызды қайтейік, бәрібір жер асты суын өзіміз былғаймыз, содан алып су ішеміз. Депутаттарға да айтқан едік, ауылға келмейсіздер ме, тұрмысымызды көрмейсіздер ме, таза су бермейсіздер ме деп. Нәтиже жоқ».

Зейнеткер Гүлдерхан Шылмырзаева ауладағы піспекті тығындап, суды тікелей баспанаға кіргізіп алғанына налиды. Электр жарығы сөнгенде үйде су болмай көршілерін жағалайды.

Қараспан ауылдық округіндегілер «қол қусырып отырған жоқпыз. Іс әрекетіміздің нәтижесі – Қараспан ауылының ауыз су қорын зерттеуге облыстық бюджеттен 22 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді» дейді.

Әбдікәрім Барат, Ордабасы ауданы Қараспан ауылдық округі әкімінің орынбасары: «Мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, бір компания ұтты. Қазір олар судың сапасын зертханада тексеріп жатыр. Қоры жеткілікті болса, ЖСҚ әзірленіп, кейін құрылыс басталады».

Қараспан ауылдық округіндегі жеті елді- мекенінде  таза ауыз су әлі жоқ. Бұл мәселе  облыс әкіміне жетті.

Әділхан Исабаев, облыстық мәслихат депутаты: «Қараспан ауылындағы 7 ауылдың халқы соңғы 7-8 жылда суға жарымай отыр. Аманатын сізге жеткізіп отырмын. Өмірзақ Естайұлы мәселені өз қадағалауыңызға алсаңыз».

Қараспан ауылынан бөлек, шалғайдағы Мәдениет, Ынтымақ, Жұлдыз, Мақташы, Сарыарық және Бейсен ауылдарындағы ағайындар таза ауыз сумен қамтылмаған. Ауылды дамыту мәселесі үкіметте де жиі айтыла бастады. Шалғайдағы елді-мекендерді дамытуға қыруар қаржы да қарастырылмақ. Бұл қараспандықтар үшін соңғы үміт.

Шынар Оразова