Оңтүстікте Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенттеріне ғана жағдай жасалған. Сөздің ашығы керек, бұл әзірге солай болып тұр. Ал көбіне аталған оқу орнына түсетіндер қатарын білім грантын жеңіп алғандар немесе қалталылардың балалары толықтырады. Ал жекеменшік ЖОО-да білімін жетілдіріп жүрген студенттердің басым бөлігін әлеуметтік жағдайы төмен студенттер құрайды. Себебі онда оқу төлемақысы 150 мыңға жетпейді. Бірақ жекенің меншігіндегі оқу орындарында белсенді әрі білімге құштар, ізденімпаз, бір сөзбен айтқанда талабы таудай жастар жетерлік. Жасыратыны жоқ, олар қолдауға зәру. Бұл менің емес, бүгінгі Шымшаһардағы жастолқынның пікірі деп ойлаймын.
Мәселен, Жұлдыз Тоғайхан таң сәріден қара кешке дейін жол бойында қарбыз-қауын сатып, ақша табады. 18 жасар бойжеткен қара жұмыстың ауырлығына қарамастан, білек сыбана атқарып жүр. Көпшіліктің көңілінен шығатын өнім ұсынып, тұрақты тұтынушылар да тауып алған. Бірақ нәзік жанды ару кей кезде шаршайтынын да жасырмады.
Жұлдыз Тоғайхан, студент: «Азаннан кешке дейін тұрып шаршап кетемін. Ия, оңай емес қой негізі. Студент болған соң, мұндай жұмыс істеуден ұялмаймын мен. Былтырдан бері қарбыз сатып, ақша тауып жүрмін. Жазғы демалыс басталысымен, осы шаруаға кірісемін. Сөйтіп оқу жылына дәптер-қаламымды, киімімді аламын. Ата-анама көмектесемін».
Жастолқынның өз бетінше жұмыс жасауына тура келіп тұр екен. Себебі облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, әзірге қоғамдық жұмыстар мен студенттік құрылыс жасақтарында еңбек ету және демалыс аймақтарына жол тарту тек М.Әуезов атындағы ОҚМУ -дың студенттеріне бұйырып отыр. Ал жекеменшік оқу орындарының белсенділері мұндай мүмкіндіктерден қағылған.
Болат Жанәбіл, ОҚО Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары: «Қала бойынша 400 студент М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың құрылыс факультетінің бірінші және 3-курсқа дейінгі 400 студенті еңбек етуде. Құрылыс нысандарында қаладағы. Сонымен қатар мынау жастардың жазғы уақтысында өзіміздің облысымыздың табиғатына үлестерін қосып, сонымен қатар өздерінің күз мезгіліне дейін бос жүрмей, өздері табыс табу мақсатында «Жасыл ел» жасақтары құрылып, қазіргі таңда жұмыстарын бастады. Жаз мезгілінде замандастарымыздың бірі демалыс аймақтарында тынығуды жөн көрсе, екіншісі ата-анасына қолғабыс көрсетіп, жұмыс жасап жүр. Бірақ айтуларынша олар мемлекет тарапынан қаралған студенттік шаруаны атқаруды да армандайды».