– Сіз депутаттыққа қалай келдіңіз? Марқұм әкеңіз Мұхтар Оразалиевтің абырой-беделі сіздің «халық қалаулысына» айналуыңызға септігі тиген болар?
– Депутат болуды армандағаным жоқ, халықтың перзенті болуды қаладым. Марқұм әкем тірі кезінде үнемі жанынан тастамайтын. Бала кезден халық арасында жүріп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап өстім. Халық қалаулысы болудың мән-мағынасын аз да болса түсіне бастадым. Әкемнен көп тәжірибе жинадым. Әкемнің қазасы отбасымызды кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Бірақ амал не? Тірі адам тіршілігін жасайды. Әкем дүниеден өткен соң, бос қалған облыстық мәслихаттағы депутаттық орынға сайлау өтетін болды. Сонда әкемнің көзін көрген кісілердің көпшілігі депутаттыққа кандидатурамды ұсынуға кеңес берді. Расында әкемнің бастаған тірлігін аяқтап, мүмкіндігінше халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстауға неге талпынбасқа деген ой жетелеп, тәуекелге бел будым. Бағымды сынап көрдім. Нәтижесінде сайлаушылардың 93%-ы дауыс беріп, депутаттық мандатқа ие болдым. Халықтың таңдау жасағаны – менің әкемнің абырой-беделі үшін емес, оның атқарған тірлігіне ризашылықтарын білдіріп, маған да солай сенім артқандығында болды. Сайлаушылармен кездескенде ауыл ақсақалдары «Мұхтардың баласы өзіне тартса, жаман азамат болмауы керек» дегенде төбем көкке бір елі жетпей қалғандай болды. Бұрын балалықпен, жастықпен мән бермеген екенбіз. Әкем Мұхтар шынымен де ел азаматы болған екен…
– Облыстық мәслихаттағы депутаттардың ең жасы ретінде депкорпусқа жаңа леп алып келдім деп ойлайсыз ба?
– Иә, мен депутат болып сайланғанымда жасым 25-те еді. Өзім жас болғандықтан, көбіне жастардың мәселесі көп толғандыратын. Мектепте де, жоғары оқу орнында да белсенділердің қатарында болдық. Сондықтан жастар арасындағы өзекті мәселелер маған таныс. Сол үшін ең алдымен жалындаған жастарымыздың жағдайын түзеу мәселесін мақсат тұттым. Сондай-ақ, жас болсам да депутаттыққа сайланғанымды көрген қатарластарым да жауапты қызметке ұмтыла бастады. Яғни, жастардың қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына септігім тиді.
– Өзіңіз сайланған Сайрам ауданының қандай түйткілді түйіндерін шештіңіз? Халық қандай баға беруде?
– Қазіргі таңда халыққа қажеттісі таза ауызсу, табиғи газ, жол, жарық, мектеп, балабақша мәселесі. Алайда, мен сайланған №31 сайлау округінде айтарлықтай мұндай өзекті проблемалар жоқ. Көмек сұрап келген азаматтарға әрдайым қол ұшын созуға дайынмын. Атқарған тірліктерімді тізбектегім келмейді, халық әрдайым алғыстарын айтып жатады.
– Әкеңіз меценат еді, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға көп қолдау көрсететін. Осы үрдісті жалғастырып жүрсіз бе?
– Әкемнің үрдісін жалғастыру мақсатында ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мұқтаж жандарға, әсіресе жетім-жесірлерге қолдан келгенше көмектесуге тырысамын. Материалдық, моральдық тұрғыдан да. Ондай жандардың алғысын алғанға не жетсін?! Уақытында әкем демеушілік еткен «Сәт» триосының жігіттерімен де кездесіп, қажет кезінде көмектесіп тұрамын.
– Жас болсаңыз да үш бірдей мамандықты меңгеріпсіз. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді дана халқымыз. Ендеше облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кемшін тұстарды атап өтсеңіз?
– Аллаға шүкір, еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып келеді. Соның ішінде біздің облыста да қай салада болмасын ілгерілеушілік бар. Сондықтан мен бұл бағытта айтарлықтай кемшілік бар деп айта алмас едім.
– 25 жасыңызда депутат болып сайландыңыз. Бүгінде депутаттардың арасында жалындаған 25-тен асқаралы 60-қа дейінгі азаматтар кездеседі. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуде жас алшақтығы қаншалықты рөл ойнайды?
– Әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуде жас, кәрі деп бөлудің қажеті жоқ. Ол үшін тек халықтың жағдайымен етене таныс болу қажет. Алайда, жасы үлкен кісілерде тәжірибе де мол болады. Осы тұрғыдан ғана болмаса, жас алшақтығына мән берудің қажеті жоқ. Керісінше, жастарда ерік-жігер, белсенділік қасиет жоғары.
– Халық сенімін арқалаудың маңызын қалай түсінесіз?
– Мен ешқашан өтірік сөйлемеуге тырысамын және қолымнан келмейтін нәрсеге уәде бермеймін. Уәде етсем – орындаймын. Тек осылай халықтың сенімінен шығуға болады. Бастаған істің сапалы орындалуын қадағалауға көп мән беремін. Бізде депутаттық мандат болған соң, халыққа қажетті мәселені шешіп беруге мүмкіндік мол. Сол үшін халық өзі сенген, арқа сүйеген адамға депутаттықты сеніп тапсырады.
– Сіздіңше қазір қоғамдағы ең өзекті мәселе не?
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаған. Сол үшін алдымен ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын бүгінгі жастарымыздың жағдайын дұрыстау қажет. Өзекті мәселе ретінде ең алдымен жастардың жұмыссыздығын айтар едім. Небір білімді жастар «екі қолға, бір күрек» таба алмай жүр. Бұл үшін еңбек нарығындағы сұраныс заңдылығына да жіті мән беру қажет. Сондай-ақ, жас отбасылардың баспана проблемасын шешу де кезек күттірмейтін мәселе. Міне, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.
– Атақ-даңқ, мансап қуатын жандардың қатарынан емессіз бе?
– Жоқ. Мен ешқашан атақ-даңққа қызыққан емеспін. Маған депутат болу емес, азамат болу – парыз. Мен үшін бастысы – халықтың алғысын алу. Еңбек жолымды «ҚазТрансГаз» мекемесінде қарапайым «контролер» қызметінен бастадым. Бірден дайынға тап болған жоқпын. Қызметтік баспалдақтардың барлығынан өтіп, өз еңбегіммен көтерілдім. Әкемнің дүние-мүлкіне сеніп, бетіммен кеткенім жоқ. Адал еңбекпен, маңдай термен дүние тапсаң, соның берекесі болады. Сондықтан, қандай қызмет істесем де, әрдайым қарапайымдылықты сақтаймын.
– Жап-жас депутаттың жеке өміріне қызығатын-дар аз емес. Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Отбасылымын. Сүйген жарымның есімі – Мөлдір. 1 ұл, 1 қызым бар. Қызым Жәния – жақында 2-ге толады, ұлым Жантуар – 5 жаста.
– Немен шұғылданғанды ұнатасыз?
– Жігіт деген «сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек қой. Ән айтқанды, аңға шыққанды, садақ атқанды, атқа мінгенді ұнатамын. Дегенмен, бұлардың барлығы да тек қызығушылығым. Ал хоббиім – тамақ істеу. Тамақ жасаған өте қатты ұнайды.
– Арманыңыз не?
– «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, өмірде артымнан жақсы із қалдырғым келеді. Өнегелі істеріммен көпшілікке танылып, елдің азаматы болу.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлнұр Сәтбаева