Алушы жеңе ме, аңдушы жеңе ме? Облыстық өзбек театры қоғамдағы осындай көрініске негізделген «Айлакер» комедиясын көрерменге ұсынды. Шығарма өзбекстандық Зулқұмар Салиев шығармасының негізінде сахналанған. Қойылымның басты кейіпкері — Мохира шаңырағын сақтап қалу үшін амалсыз айла мен қулыққа барады. Актриса басты рөлді сомдаудың өзіндік қиындығы болғанын жасырмады.
Дилдора Холметова, актриса: «Күліп отырып, жылау, жылап отырып, күлу, мимиканы бірден өзгерту — өте қиын болды. Әрине, образға ену оңай емес. Бірақ, білім мен біліктілігімнің арқасында көрермен жүрегіне жол табамын деген үмітім бар.»
Бес кейіпкердің күнделікті өмірі арқылы суреттелетін мұндай қойылым кемде-кем. Оған қоса өзіндік күрделіліктері де бар. Режиссер осылай дейді. Қойылымда әжуа етілген екіжүзділік, құлық-сұмдық бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған. Жалпы, екі ай бойы дайындалған қойылым көрермен көңілінен шықты деуге болады.
Комалиддин Райымқұлов, қоюшы режиссер: «Бұл пьеса күні бүгін де өзекті. Негізгі маңызын сақтай отырып, аздап өзгерттік. Қойылымдағы екі кейіпкер өздеріне жүктелген жауапкершілікті жақсы алып шықты. Оны көрермендердің қабылдауынан-ақ байқауға болады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін қаншама жан кәсіпкерлікпен айналысамын деп, шаңырақтарынан да айырылған жоқ па? Бұл қойылымда осындай бір қиын сәтте өзінің айлакерлігімен әкесін құтқарып қалған қыздың ерлігі көрсетіледі.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=SQmZkQGO68A[/youtube]
Айта кету керек, қойылым — осы театрдың жас режиссері Камолиддин Райымқұловтың тырнақалды туындысы. Режиссер демеушілер табылса, пьеса негізінде қазақ-орыс тілінде фильм түсіруді де жоспарлап отыр.
Бұл қойылым — театрдың 51-ші сахналық көрінісі. Сондай-ақ, қазақ драматургиясының «Бала мен қайыршы», «Үйлену», Дулат Исабеков пен Әлібек Файзуллаевтың шығармалары да сахналанған. Алдағы уақытта өнер ұжымы аптасына ересектерге арналған 5, ал балаларға арналған 1-2 спектакль ұсынбақ.