Несіпханым КАМАЛҚЫЗЫ, ҚР Мәдениет қайраткері
Несіпханым КАМАЛҚЫЗЫ,  ҚР Мәдениет қайраткері
Несіпханым КАМАЛҚЫЗЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері

Газетіміздің өткен нөмірінде жарияланған «Салт-дәстүр дінімізге қарсы ма?» атты мақалаға орай редакцияға хабарласып, өз ойы мен көзқарасын ортаға салып, бөліспекке ниет білдірген оқырмандарымыз өте көп болды. Солардың бірі – белгілі өнертанушы, ғалым, ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстіріміздің жоқтаушысы болып жүрген Несіпханым Камалқызы. Мәдениеттанушы ретінде ол салт-дәстүр мен діннің сабақтастығы туралы пікірін ортаға салды.

– Біздің рухани өміріміз екі бағытта ықпалды болып отыр. Қазақ болмай тұрып, Сақ, Массагет, Ғұн болдық. Барлық адамзат өткен жолмен біз де жүрдік. Отқа, суға табындық, осының барлығының Жаратушы иесі бар деп білдік. Біздерді сақтайтын, өмірімізді реттейтін жоғары күштің барына сендік. Әрекеттер қалыптастырдық. Дегенмен салтымыз сақталды. Далалық мәдениетті мықтап ұстай алдық. VIII ғасырдың аяғында бізге Ислам діні келді. Қазақ Исламмен далалық мәдениетті қоса алып келеді. Біз далалық мәдениеттен айырылған жоқпыз. Өйткені сол арқылы өмірімізді реттедік. Мәдениет – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын реттеп отырады. Көнеден келе жатқан салт-дәстүрде, наным-сенімдерде реттеушілік міндет атқарып отырды. Мысалы үйге келе жатқан адам қандай ниетпен келе жатқанын қазақ қолындағы қамшысынан-ақ білген. Ол қамшыны бүктеп даумен, немесе жол сұрап сүйретіп, қонышына тығып жақсылықпен келе жатса, оны осылайша алдын-ала сөзсіз-ақ біліп отырған.

Жаратушы көзге көрінбейді, көне көк түркілер әлемнің иесі көк аспанда деп білген. Сол ғаламатқа арнап, әркім тілегін айтып отырған. Жеткізетін жолды іздеп отырған. Не де болса биікке ұмтылған. Кезінде Мұса Пайғамбардың өзі де халқын аман алып қаламын деп, таудың басына шығып, тілек тілеген. Яғни бұл тек түркі халықтарында ғана емес, барлығына да ортақ түсінік. Қазақ о бастан-ақ, Алла Тағалаға ниетін жеткізу үшін түтін арқылы амал қылған. Ал түтін оттан шығады. От адам үшін ең алғашқы қажеттілік. Оны өшіріп алмас үшін арнайы ғибадатхана салып, әскермен қорғады. Мысалы, қазір туын алып қойса, қарсыласы жеңілген болып саналады ғой, ол кездегі жауласуда отын өшіру, жауын тізе бүктірген болып есептелген. Оттың қажеттілігінен туындаған құрмет өте жоғары еді. Отты өшіру – аспанда күнді өшірумен бірдей. Күн қараңғы болса, адамның өмірі де қараңғы. Сондай-ақ, адыраспан түтетуден анау айтқан әбестік көруге болмайды

Мен әдет-ғұрып сөзін біршама тілдерде қарастырып көрдім. Олар әр тілде айтылғанымен, бір ұғым береді.

Қазіргі жастар кітаби дінге бағынғандар. Яғни, Құран кітапта жазылғандармен шектеледі. Тек қана сол бойынша өмір сүру керек деп түсінетіндер көп. Өмірімізде жасанды дүниелер көп деп ұғынады олар. Расында қазір тұрмыста теріс мәдени, әлеуметтік құбылыстар көбейіп бара жатыр. Дегенмен салт-дәстүрден олай безіну дұрыс емес.

Қазір әруақтарға сәлем салуды, ата-енесіне иіліп, ізет білдіруді Аллаға серік қосты дейтіндер көбейді. Бұл Аллаға серік қосқандық емес, қазақ ежелден қалыптасқан дүниетанымды тастаған жоқ. Тастай алмайды, соған қоса Ислам дініндегі құран сүрелерді сіңіріп отыр. Қазір қазақтар бірін-бірімен келісе алмай дал. Шолақ балақтылар немесе Исламның бізге жат ағымындағылар келеді де, қаралы үйден тамақ ішуге, жылауға болмайды, «олай істеуге болмайды», «былай істеуге болмайды» деп кетеді. Мысалы ата-анасынан айырылған балалар көзіне жас алмай отыра алмайды. Олар темірден жаралған жоқ қой. Мұны мен Алла әміріне қарсылық деп айта алмас ем. Ол ата-анасы тірі кезінде қандай құрмет көрсетіп жатса, дүниеден өтіп бара жатқанда да құрмет көрсетуі. Ал шеті түйілген шүберекті келгендерге таратып, көпшіліктің сол үйдегі қасіретті, ауыртпалықты бөлісуі. Бір бұрышы түйілген кішкентай шүберектің байлауын шешіп, бетін сүртеді. Жатқан жері жайлы болсын, иманы саламат болсын деп айтады. Оның өмірі түйінделді. Осының барлығы символдық мағына.

Келін атасымен немесе өзінен үлкен басқалармен жүздескенде неге қол беріп амандаспайды? Әйел мен ер кісі қолмен амандаспауы Исламда да бар. Қазақ мәдениетінде келіннің атасы мен басқа да үлкендерге иіліп сәлем бергені – құрметтің белгісі. Келін өзінің көрегендігін, тәрбиелі, адамды сыйлай білетін, қадірлей білетіндігін көрсетеді. Бұл Аллаға серік қосқандық емес, адамдық қасиет.

Дүниеден өткендерге кесене салу бұл тек діни құндылық емес. Бұл құрмет. Ақсақ темір Қожа Ахмет Яссауйдің басына кесене тұрғызды. Германияда көп жыл перзент сүймеген жұбайлар Жаратушыдан бала сұрап, Яссауйдің басына зиярат жасапты. Әйелі түс көрсе керек. Артынша құрсақ көтеріп, ұлды болыпты. Ол неге 10 жылдан астам перзентсіз жүреді. Сонда оның сенімі психологиялық тұрғыда өте жоғары болған деп есептеймін. Ол психологиялық заңдылық, ол күтті, үмітін үкілеп барды. Олар Алладан сұрады.

Қорыта айтарым, қазақтың кез-келген салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы Аллаға шек келтірмейді. Керісінше, алдымен Алланы ауызға ала отырып, сиына отырып ниет етеді, тілек тілейді. Аллаға ғана сенетін, Алланы ғана дәріптейтін біздей ұлт кемде-кем.

Жазып алған — Асқар САТПАЕВ