Қазақстан республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары, өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Вице-премьер бірқатар маңызды нысандарды аралап шығып, шаруалармен кездесті. Басқосу барысында 2014-2016 жылдарға арналған егістік алқаптарын әртараптандыру жоспары жан-жақты талқыланып, диқандар да өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бақытжан Сағынтаев Оңтүстіктегі сапарын Оңтүстіктің ең шалғайдағы ауданы – Мақтааралдан бастады. Қазір мұнда мақта терімі біртіндеп қарқын алып келеді. Мамандар биылғы өнімнің түсімі жоғары болады деп отыр.

Биылғы мақта өнімі 30 центнерден жиналуы мүмкін
Биыл мақта әр гектардан 30 центнерден жиналуы мүмкін

Ибадулла Үмбетаев, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры: «Біз суды үнемдеу технологияларын, жер, қор үнемдеу әдістерін қолданысқа ендірдік. Соның нәтижесінде ауданда бұрынғы өнімділік 28 центнер болса, биыл ол 30 центнерге жетті.»

Мақта танаптарына Шардара қоймасынан су жеткізу мақсатында машиналық су жіберу станциялары бой көтерген болатын. Вице-премьер сол үш станцияның бірін аралап көрді. Жергілікті жұрт та кездесуге жақсы жиналды. Олар «су жетіспейді, мәселе жылдан жылға күрделеніп бара жатыр» деп ақтарылды.

Сағынтаев

Шаруалардың бұлайша шырылдауы бекер емес. Диқандар су тапшылығының зардабын талай жылдан бері тартып келеді. Сондықтан, аймақтағы егістік алқаптарын әртараптандыру – өзекті мәселе. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша жергілікті әкімдік осыған бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Үкімет қарауына жолдайтын болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудандағы 100 мың гектарға жуық мақта алқабын біртіндеп ықшамдау қолға алынбақ.

 Бақытжан Сағынтаев, өңірлік даму министрі: «Мақта алқабының көлемін азайтатын болсақ, онда су да үнемделер еді. Былайша айтқанда, «бір оқпен екі қоянды атамыз». Оның үстіне алмадан, бақшадан келіп жатқан пайда мақтадан әлденеше көп болып тұр.»

Расында машақаты көп мақта ғана емес, бау өсіріп, бақша дақылдарын егудің де пайдасы көл-көсір екенін аймақ шаруалары да бағамдап үлгеріпті.

Қаршыға Ақтөреева, шаруа қожалығының жетекшісі: «Жердің барлығына мақта егілсін деп жазылмаған ғой. Шетелге барған сапарымызда басқа өнімдерді өсіруді де көрдік. Міне, маумен айналысып жатқанымызға екі жыл болды. Құдайға шүкір, түсім жаман емес.»

Осы кездесу барысында, сондай-ақ, бірқатар маңызды мәселе сөз болды. Солардың ішінде ауданға шеттен келетін электр қуаты бағасының қымбаттауы, су ұңғымаларын дұрыс пайдалану жайы да бар. Сапар соңында Бақытжан Сағынтаев Шардара су электр стансасының жұмысымен, осындағы Арнасай бөгетінің гидротехникалық құрылыстар кешенін қайта жаңарту жобасының нақты іске асырылуымен танысты.

Дереккөзі: ҚазТРК

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=iFStryUXcvY[/youtube]