Елбасы әкімшілік орталықытң сызбасымен танысуда

«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ауыспайды». Өңірімізге ресми іс-сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зиял қауымы алдында осылай деді.

– Барлық облыстардың жұртшылығы мен келген сайын облыс әкімін ауыстырады деп ойлайды екен. Егер адам жіберген өңірде жұмыс істеп жатса, халыққа жағдай жасап жатса, оны неге орнынан аламыз? – деді Елбасы.

Елбасы әкімшілік орталықытң сызбасымен танысуда
Елбасы әкімшілік орталықытң сызбасымен танысуда

Бәйдібек баба рухына тағзым еткен Президент осылайша сөзінің «бісмілләсін» келу мақсатының түп-төркінінен бастады. Оңтүстіктегі атқарылып жатқан тірліктерге оң баға беген Президент, өңір басшысының қызметіне көңілі толатынын білдірді.

Әкімшілік-іскерлік орталықтағы жұмыстың бірқатары да Президенттің көңілінен шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы облыстың бас сәулетшісіне 16 қабатты іскерлік орталықтың сапалы әрі сәулетті соғылуын қадағалауды тапсырды.

Жобаланған аумақтың сәулеттік-жоспарлау шешімі қаланың осы ауданында бірқатар қоғамдық ғимараттар мен оқу кешендерін орналастыра отырып, ірі сәулет ансамбльдерін құру қажеттілігінен туындап отыр.

Мұнда жалпықалалық орталық алаң мен әкімдіктің ғимараты, облыстық мәслихат пен облыс әкімдігі басқармаларының кешені, жаяу жүргіншілер гүлзары салынатын болады.

Ұсынылған композициялық әдістер қаланың бас алаңының көлемін оңтайлы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алаң ансамблін облыстық драма театрының ғимараты, көпшілікке арналған облыстық орталық кітапхана, көрме кешені, «Түркістан» салтанат сарайы және әкімшілік ғимараттар сияқты ірі нысандар толықтыратын болады.

Көпқабаты құрылыс орамдары эсплонаданың екі жағындағы тұрғын үй массивтерін құрайды, магистралды және тұрғын үй көшелерін, жекеленген сәулет тораптарының құрылысын қалыптастырады.

Көп пәтерлі тұрғын үйлердің кешенді құрылыстары мектепке дейінгі балалар мекемелерін, жалпы білім беру мектептерін, емханалар сияқты әлеуметтік маңызды нысандардың салынуын көздейді. Ірі сауда және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету нысандары салынатын болады. Қызмет көрсету нысандарын ашу үшін негізгі көшелердің бойында орналасқан тұрғын үйлердің бірінші қабаттарын белсенді пайдалану көзделіп отыр.

Жобада композицияға табиғи факторларды және жергілікті жер бедерлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, рекреациялық кеңістікті қалыптастыруға үлкен көңіл бөлінген. Бұдан бөлек ағын және дренажды сулар үшін арналарды бекіту, жасанды су қоймалары құрылғыларын орнату көзделген. Жоба аясында салынып жатқан «Наурыз» алаңы келесі айда көпшілікктің пайдалануына берілмек.

Бұл жобаның аумағы 364 гектарды құрайды. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталығы – 36,1 га, оқу орындарын орналастыруға – 31, 6 га, тұрғын үй орамдарын салуға – 110,3 га, рекреациялық аймақтар салуға 125,6 гектар жер бөлінген. Салынатын жаңа тұрғын-үй құрылысының жалпы көлемi 908,3 мың шаршы метрді құрап, аумақта әрқайсысы 1200 оқушыға арналған 4 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.

Әкімшілік іскерлік орталығында облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Елбасы облыс әкімдігінің жұмысына жоғары баға берді. Мұнан соң Президент облыстың игі жақсысымен кездесіп, өңірдегі әлеуметтік ахуал, білім, ғылым жайын да сөз етті. Кездесуде облыс әкімі Асқар Мырзахметов Президент алдында есеп беріп, болашақтағы жоспарымен бөлісті.

Мемлекет басшысының аялдаған тағы бір орын – су сорғысын шығаратын қазақ-неміс бірлескен зауыты болды. Мұнда ТМД елдері бойынша үздік сапаға ие болат құрылғылар шығарылады. Таза ауызсу тақырыбы күйіп тұрған Оңтүстік үшін өте қажет-ақ құрылғылардың отандық өнім ретінде шығып жатқаны Елбасын бір қуантып қойды.

Бүгінгі таңда еліміз өзіне қажетті мұндай жабдықтарды шетелдік компаниялардан миллиардтаған теңгеге сатып алып отыр. Ал бұл өндіріс орны сол қажеттіліктің 10 пайызын өтей алмақ. Заманауи құрал-жабдықтармен жабтықталған зауыттың жалпы құны 12 миллион евроны құрайды және мұнда шығарылған өнімге 5 жылға дейін кепілдік беріледі. Салыстырмалы түрде айтсақ, дәл сондай шетелдік зауыттардың кепілдігі 3 жылдан аспайды. Сондай-ақ, бұл компанияның өнімі елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Ақбұлақ», «Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» секілді ірі жобаларды өз деңгейінде атқаруда үлкен көмек болары сөзсіз.

Бүгінгі таңда аталған серіктестік оңтүстікқазақстандық тұрғындардың ішінен білікті кадрларды Германияда оқытып, даярлады. Және өндірістік, әкімшілік ғимараттардың құрылыс-монтаж жұмыстар толық аяқталды.

Сонымен қатар бұл кәсіпорын алдағы уақытта Испаниялық Belgicast компаниясымен бірлесе тиек-реттемелі арматуралар, Швейцариялық Sulzer концернімен бірлесе консольдік сораптар шығаруды жоспарлауда. Компания басшылығы алдағы үш жыл ішінде 12 миллион евро көлемінде инвестиция тартуды көздеп отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=6iWwj69McJM[/youtube]