Елбасы бірқатар мүйізі қарағайдай шенеуніктерді сынап тастады

451

Елбасы бірқатар мүйізі қарағайдай шенеуніктерді жерге қаратты. Бүгін Елордада кеңейтілген мәжіліс өткізген Н. Назарбаев министрлер мен бас банкирдің де жұмысын сынға алды.

Бүгінде халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуде маңызды болғанмен орындалуы сапасыз «7-20-25» бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін қадап айтқан Президент салаға жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Ұлттық банк төрағасының жұмысына көңілі толмаған Елбасы Данияр Ақышевтың тірлігін сынады. Елбасының пікірінше егер Ұлттық банк қайта несиеленген нашар компанияларға ақша бөлетін болса қаржы жоғалып, банктердің жағдайы нашарлайды. Ақшаны тек сәтті жұмыс істеп, қаржыны қайтаратын компанияларға ғана беру керек.

Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы мынадай жаңалықпен бөлісті. «7-20-25» тәжірибесі автокөлік несиелендіруге қолданылатын болды. Бұл елімізде көлікке деген сұраныстың артуына сеп болады. Ұлттық банк бағдарламаны жандандыра түсу үшін ұсыныстарын жолдады.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы: «Бағдарлама былтыр шілде айында іске қосылды. Оны іске асыратын «Баспана» операторы құрылды. Қазір 8 ірі банк жобаға атсалысып келеді. Олар еліміздің барлық аймағын қамтып отыр. 128 филиалы жұмыс істейді».

Назарбаевтың назарынан Үкімет пен әкімдер де тыс қалмады. «Әкімдердің жұмысы халықтың кірісі мен өмір сүру сапасына қарай бағаланады. Яғни, осы негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу керек».

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы осылай деді. Өз бастамасымен қолға алынып жатқан шараларды атқаруға барын салып жатқан әкім қаралардың ісіне көңілі толған Президент оларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Мақпал Рысбаева