Таяуда кентаулықтар зарыға күткен таза ауаны жұтатын болады. Осы жылдың күзінде кен қалдықтары сақталған металл өндіретін орыннан денсаулыққа аса қауіпті шаң-тозаң жойылады. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 313 миллион теңге бөлінбек. Осы қаржының 71 миллион теңгесі ағымдағы жылдың қазан айында игеріледі деп жоспарланып та қойыпты.
Аман Қаптағаев егіс алқабына үлкен күтім жасағанымен, көкөнстері күтпеген жерден қурап кетіпті. Бұл жағдайды кентаулық тұрғын қала аспанында қалықтап жүрген металл өндірісінің қоқымдарынан көреді. Бұрынғы кен орнынан қалған қалдықтан көтерілген қауіпті тозаң желмен ұшып, жерге ғана емес тұрғындарға да зиянын тигізіп жатыр.
Аман Каптағаев, Кентау қаласының тұрғыны: «Мына қаланың ішінің бәрі шаң. Жағдайдың бәрі сол, шаңғиды, үстіне су шашып, басуды білмейді. Қалдықтар ұшатын орындарды жауып та жатқан ешкім жоқ».
Зиянды қоқысқа жергілікті тұрғындардың еті үйрегені қашан. «Соның кесірінен тынысымыз тарылып, жөтелден жүйкеміз жұқарды» деп шағымданады олар.
Бақытжан Жеңгітбай, Кентау қаласының тұрғыны: «Кәдімгі көк тұман болады. Жел қатты соққанда, ақ түтекке оранғандай болады. Жұтатын ауа таппай қаламыз. Басымыз ауырып, тұншығамыз».
Қоқыс қорына айналған орынға 10 жылдан бері 150 миллион тонна металл өнімдерінің қалдықтары қордаланған. Алғашқы тазарту жұмысы 2007 жылы өтіпті. Ол кезде кеннің қалдықтары 200 гектар аумақтағы жердің астында жатқан. Енді соның жартысы қалып отыр екен.
Құрманбай Қожағұлов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: «Қазір сол 71 миллион теңгеге бір қабат топырақтың жабылуын қадағалап жатырмыз».
Ал қала тұрғындары әзірге тендер жеңімпазы анықталып, жұмысына кірісуін күтіп жүр. Жердің құнарын қалпына келтіру жұмысы қазан айында қолға алынбақ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=kH9QvfepbB8[/youtube]