Оқулық неге жетпейді?

Оқулық іздеп сарсаңға түскен ата-ана нөпірі кітап дүкендерінің алдын тоздырып әлі жүр
Оқулық іздеп сарсаңға түскен ата-ана нөпірі кітап дүкендерінің алдын тоздырып әлі жүр
Оқулық іздеп сарсаңға түскен ата-ана нөпірі кітап дүкендерінің алдын тоздырып әлі жүр

Жаңа оқу жылының басталғанына 18 күн болды.

Оқулық іздеп сарсаңға түскен ата-ана нөпірі кітап дүкендерінің алдын тоздырып әлі жүр.

Бірінің алған кітабының баспасы жарамайды, екіншісінің жылы ескі, үшіншісінің авторы келмейді. Білімді, сауатты болсын деп баласынан қаржы аянып жатқан ата-ана жоқ. Бар болса, барын бергісі бар. Бірақ, қолдың қысқалығы кей ата-аналарды титықтатып жіберді. Жыл сайын осы оқулық мәселесі неге көлденеңдеп алдан шыға береді? Тым болмағанда мектептің есігін жаңа ашқан 1-сынып, жалпы бастауыш сынып оқушыларын оқулықпен толық, тегін қамтамасыз етуге соншалықты қауқарсыз мемлекетпіз бе?

38-037

Негізі оқулық алуға жергілікті бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінеді. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында оқулыққа деп ортақ қазаннан 1 млрд 385 млн 535 мың теңге бөлініпті.

Аз қаржы емес. Сонда ол қайда кеткен? Оқулық алынса, неге ата-аналар жиырма күннен бері оқулық сатып алып әуреге түсіп жүр?

Мәселенің мәнісі басқада екен. Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнайы мемлекеттік бағдарламаға сай оқулық әр жылы әр түрлі сыныптарға сатып алынады екен.

38-035

– Мысалы, былтыр 1, 10 сыныпқа қажетті оқулықтар сатып алынса, биыл 2, 9 сынып оқушыларының оқулықтары сатып алынды, – дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Сүндет Санаев. – Сонымен бірге биыл 1-сынып оқушылары үшін ағылшын тілі оқулығы сатып алынған.

Міне осылайша, жыл сайын әр сыныптың оқушылары үшін кезең-кезеңімен оқулық сатып алынатын көрінеді. Жөн делік. Бірақ, неге былтыр алынған 1, 10 сыныптың оқулығы биылғы оқушыларға жетпей жатыр? Мұны мектептегі ұстаздар жыл сайын бала санының артып отырғандығымен түсіндіреді. Онысы енді рас. Былтырғы оқу жылында түлектер саны облыста 37 мың болса, биыл мектепке бірінші сыныпқа 58 мың бала келген.

Қазір облыс мектептерінде 541 903 оқушы бар екен.

Ал, кей мектептерде бірінші сынып 12-14 класс комплект болғандықтан, былтыр алған оқулықтың жетпей қалғаны түсінікті жағдай.

38-036

Десек те, осы оқулық мәселесі аудандарда саусақпен санарлықтай ғана. Негізгі мәселе тек Шымкент қаласында туындайтыны жасырын емес. Ал жыл сайын мектеп жасына жеткен бала саны санаққа алынып, үйме-үй жүріп мектеп мұғалімдері арнайы тізім алатындығын ескерсек, сол тізім қалалық білім бөліміне жөнелтілсе, олар жаңа оқу жылына қанша бала келе жатқанын бағамдауы керек емес пе? Бағамдалса, оқулықтың жетіспейтіндігі айқындалса, неге әрекет жасамаған? Сала мамандары «мұны біз шеше алмаймыз» дегеннен арыға аспайды.

Айналып келгенде ұл-қызы үшін амалдың жоқтығынан ата-ана оқулық сатып алуға мәжбүр. Сатып алудан қашпайтын ата-ана аз емес. Осы жерде оқулыққа қатысты екінші мәселе туындайды.

Ала жаздай баласының қамын жеген ата-ана қыркүйек келе базарға барып, қырғын кезекте тұрмас үшін алдын ала оқулық сатып ала алмайтындығы. Себебі әр мұғалім, әр мектеп әртүрлі баспаның өнімін талап етеді. Біріне «Атамұра», екіншісіне «Мектеп» қажет. Авторларын таңдау да осылай сарсаңға түсіреді. Сонда дейміз ғой, ертең мектепті бітіріп, ҰБТ тапсырарда талапкерден қай баспаның оқулығы бойынша сынақ қабылдайды? Тест сұрақтары қай оқулық, қай автордың еңбегі бойынша құрастырылады? «Бөліну жоқ» болса, неге мектепте оқулықты түрлі авторға, түрлі баспаға бөліп талап етеді?

38-034

Бұл сұраққа да нақты, әрі сенімді деп қабылдайтын жауап таппай дал болдық.

Ең бастысы, мұнайлы елдің болашақтан қаржы аямағаны абзал.Тәуелсіз қазақ елінің болашағы – бүгін сапалы білім алуға тиісті ұрпақтың қолында. Сапалы білім алуы жолында әлеуметтік кедергілер кездеспегені ләзім. Оның кездеспеуі үшін оқулық жетімсіздігі деген мәселенің болмағаны жөн. Оның болмауы үшін дұрыс санақ, сауатты есептейтін маманға зәруміз. Әйтпесе, оқулыққа бөлінген қаржыны жеткізе алмағанымыз, жеткізе алмағандық бола бермек. Болашақты бүгін оқулықпен қамтамасыз ете алмағанымыз – мәселенің ең өзектісі болуы тиіс.

Айтпақшы…

Әлемдегі озық 50 елдің қатарына енген, енді әлеуеті бізден озық 30 елдің тізіміне енбекке ұмтылған қазақ елінде білім алуға енді ғана қадам жасаған балаға «Әліппені» сатып әкел» дегеніміз ұят болды…

Сая ЖҰМАҒҰЛОВА