«Оқушының өліміне себептілер әлі жазаланған жоқ»

Мухаббат Абдуллаева, марқұмның әжесі
Мухаббат Абдуллаева, марқұмның әжесі
Мухаббат Абдуллаева, марқұмның әжесі

Оңтүстік Қазақстан облысы, Көлкент ауылында ұстазынан таяқ жеп, асылып өлген 15 жасар мектеп оқушысының өліміне ешкім жазаланбады. Марқұмның ата-анасы мен ауылдастары осылай деп, ашынып отыр. Олардың айтуынша, 9-сыныпта оқыған Барчинай Махмудханованың дүние салғанына екі айға жуық уақыт өтсе де, тергеу өз деңгейінде жүргізілмей келеді.

Естеріңізге сала кетсек, 15 жасар Барчинай Махмудова тамыз айының басында өз үйінде асылып қалды. Ол соңынан ауылдағы ұстаздың бірін кінәлап, хат қалдырған көрінеді. Мұғалім мен оқушысы арасында кикілжің болған. Қыздың өлімінен кейін полицейлер «Адамды өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс те қозғаған. Алайда, марқұмның туыстары тергеу аяқсыз қалды деп отыр. Тіпті, тергеуші куәгерлерден жауап алмастан, істі созбалаңға салып жатыр дейді.

Музаффар Махмудов, марқұмның әкесі: «Қызымның өлгеніне елу күн болды. Бұлар әлі ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Сараптама қағазын да, онда не жазылғанын да білмейміз.»

Мухаббат Абдуллаева, марқұмның әжесі: «Қыздың хаты бар. Көрген адамдар бар. Куәлер бар. Сондай болса да біз ештеңе істей алмай отырмыз.»

Ашуға булыққандар аудандық прокуратураға тергеу бір жақты жүргізіліп жатыр деп шағымданды. Алайда, қадағалаушы орган өкілдері бұл уәжбен келіспей отыр. Олар тергеу уақыты әлі біткен жоқ дейді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=BnyiwvYBndo[/youtube]

Сұлтан Омаров, Сайрам ауданының прокуроры: «Ата-аналардан жауап алынбады деген бекер сөз. Олардан жауап алынған. Енді ол жерде кім куә болатынын, кім куә болмайтынын тергеу шешеді. Егер осы іске қатысты қандай да бір дәлелдемелер беретін адам болса, олардан жауап алынады.»

Тәртіп сақшылары да қазір істі жан жақты тексеріп жатқандарын айтады.

Талғат Әбуов, Сайрам аудандық ІІБ тергеу бөлімінің басшысы: «Сот-дәрігерлік сараптаманың қорытындысын алдық. Алайда қандай да бір азаматты кінәлауға әлі ерте. Себебі, әлі бірқатар тергеу амалдары жүргізіледі. Соның бәрін қорытындылап, шешім шығарамыз.»

Осылайша, тергеудің қашан аяқталатыны белгісіз. Белгілісі, күдікті мұғалім қазір өз еркімен жұмыстан кетіп қалыпты.

Дереккөзі: «Евразия» бірінші арнасы.