Балаларға базарлық болатындай, ертегілер еліне саяхатқа жетелейтін мультфильмдер жайлы не білеміз? Аниматор деген кім? Жасыратыны жоқ, қазір елімізде анимация саласы біршама тұралап тұр.
26 жасар Оңласын Бөрібеков күн сайын жұмысына асыға келеді. Жас аниматордың күн тәртібі шығармашылық жұмыстармен өрбиді. Бейнелеу өнері бойынша жоғары білім алған маман қазір мультипикациялауда тер төгіп жүр. Балаларға базарлық сыйлайтын қызметке де өз қызығушылығымен келгенін айтады. Оқиғадағы кейіпкерлерді кескіндеп бейнелеу, жан бітіру – жас жігіттің бала күнгі арманы.
Оңласын Бөрібеков: «Анимацияның кәдімгі жұмыстардан айырмашылығы көп дер едім. Себебі, мұнда таңертең келіп, жұмысты өндіріп тастаймын деген мүлдем жоқ. Барлығы шабытқа байланысты. Егер ынтаң болмаса, жұмыстың бәрі құр әуре. Негізі бұл — адамды жалықтырмайтын еңбек. Біз қолымызға алған дүниені барынша қызықты етіп шығаруға тырысамыз. Себебі, балалар кез келген әзілге күле бермейді, олардың да көңілін табу — үлкен жеңіс! Ал аниматор болу оңай емес. Студент кезімде менен де жақсы сурет салатын, менен де үлгерімі ілгері курстастарым болды. Бірақ жұмысқа келгенде қызығушылығы аз болды ма, әйтеуір, анимацияға үлес қосқан жоқ.»
Он минуттық дайын анимациялық дүниені жасау үшін кемінде 3 ай уақыт керек екен. Сондықтан бұл жұмыс үлкен ізденіс пен шыдамдылықты қажет етеді дейді жас маман. Ал Оңтүстікте Оңласыннан бөлек аниматорлар бар, бірақ, саусақпен санарлық. Мұның себебі — мамандарға жұмыстың тапшылығы. Тіпті, Астана мен Алматыдағы оқу орындарын бітіріп келгендердің бірінің ұсақ жұмысқа қызығушылығы төмен болса, екіншісінің қабілеті жоқ көрінеді.
Батырхан Дәуренбеков, Қазақстан аниматорлары қауымдастығының төрағасы: «Алматы қаласындағы әйгілі оқу орнын жылына оншақты аниматор бітіріп шығады, бірақ олардың жұмыс табуы өте қиын. Осы үлкен проблема болып тұр. Сондықтан біз Қазақстан аниматорлары қауымдастығын құрдық. Астанада, Алматыда баспасөз кеңесін де өткізгенбіз. Басты мәселе — сол аниматорларға жұмыс тауып беру. Екіншіден — олардың құқығын қорғау. Мысалы, маман диплом алғаннан кейін құжат сандықта жата бермеуі керек қой. Қазір Т.Жүргенов атындағы оқу орнын тәмамдағандар «Қазақфильмге» орналаса алмайды, ал өз бетінше жұмыс істей берейін десе, мемлекеттен тапсырыс жоқ. Міне, осылай тығырыққа тірелген кезде олар жаңағы дипломдарын қойып, басқа тірлік іздеп кетеді. Сол үшін аниматорларға мемлекет тарапынан қолдау керек. Мысалы, кәсіпкерлікті қолдау деп жатамыз, спорт саласын қолдау дейміз. Ал менің айтып отырғаным кино өндірісі ғой. Дәл осы өндіріс Оңтүстікте дамып келе жатыр. Мысалы, біздің қауымдастық жуырда ғана «Томпақ» дүниесін жасап шығарды. Несі бар, тәп-тәуір еңбек! Осының өзі біздің сапалы дүние жасай алатынымызды дәлелдеп тұр. Сондықтан қолдау қажет!»
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана Қазақ. Балаларға базарлық етіп, қазақи туындыны сыйлағанға не жетсін?! Жүз рет айтқаннан бір көргенді қалайтын балалар үшін де жақсы болар еді. Бірақ, мульфильмдерді көруге қызығушылар қатары қалың болғанымен, мамандар әлі күнге аз.